2024 жылдан бастап 11 жастағы қыздар адам папилломавирусына қарсы вакцинацияланады
Қазақстанда 2024 жылы папилломавирусқа қарсы вакцинация басталады. 11 жастағы қыздарды иммундау жоспарлануда, -деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Вакцина жатыр мойны қатерлі ісігінен қорғайды. Елордада осы вирусқа қарсы вакцинаны енгізудің ұлттық жоспары талқыланды. Бірінші кезеңде 175 мың оқушы қыз вакцинацияланбақ.
Қазақстанда жатыр мойны обыры барлық жастағы әйелдер арасында сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі екінші орында. Ауру Павлодар облысында ең көп тараған, мұнда 100 мың әйелдің 18-і осы ауруға шалдығады. Жатыр мойны обыры Атырау, Қарағанды, Ақмола облыстарында жиі анықталады. Күн сайын республика бойынша бес диагноз қойылады, күніне шамамен екі әйел осы аурудан көз жұмады. Соңғы 10 жылда бұл дерт елімізде 4500-ге жуық әйелдің өмірін қиды. Өлім-жітімді азайту үшін келесі жылдың екінші жартысында Қазақстанда жатыр мойны обырын тудыратын адам папилломавирусына қарсы вакцина енгізіледі.
Денсаулық сақтау министрлігі 2013 жылғы пилоттық жоба туралы атап өтті. Жоба аясында 4 мыңнан астам адам осы вакцинаны алған екен. Олардың 1%-дан азы ғана жатыр мойны обырына тап болған. Әрі бұл бедеулік турдырады деген өтірік екені анықталды.