МӘЖІЛІС ОТЫРЫСЫНДА КАДРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

226
Аудан әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен өткен мәжілісте кадрлық өзгерістер таныстырылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Алғаш болып аудан әкімі ішкі конкурс тәртібімен 2022 жылғы 28 қазандағы аудан әкімінің №128 өкімімен Шиелі ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалған Аман Дана Смаханұлын таныстырды.

Дана Смаханұлы - 1962 жылы 19 наурызда Шиелі ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1984 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын «Инженер-механик» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1984 жылы «Гигант» колхозының трактор бригадасының бригадирі болып бастаған. 2005 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді.
Келесі болып жалпы конкурс тәртібімен 2022 жылғы 7 қарашадағы  аудан әкімінің №133 өкімімен Шиелі ауданының мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалған Тобажанов Ғабит Рүстемұлы таныстырылды. Ғабит Рүстемұлы - 1978 жылы 11 қыркүйекте  Шиелі ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1999 жылы Халықаралық қазақ Түрік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы прокуратура саласында бастаған. 2021-2022 жылдары Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат қызметтерін атқарған. 
Жиында соңғы болып жалпы конкурс тәртібімен аудан әкімінің 2022 жылғы 11 қарашадағы №136 өкімімен Шиелі аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалған Әбсадық Бақберген Аманбекұлы таныстырылды. Бақберген Аманбекұлы - 1980 жылы 10 сәуірде Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. 
Білімі жоғары. 2003 жылы Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетін «Ауылшаруашылық өндірісін механикаландыру» және 2009 жылы «Қорқыт ата» атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Заңтану» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 2003 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. 2016-2020 жылдары Алматы қаласындағы «Домпласт» ЖШС-нің директорының орынбасары қызметін атқарған.
Мәжіліске қатысушыларға жаңадан тағайындалған бөлім басшыларын таныстырған аудан әкімі Нұржан Ахатов оларға сәттілік тілеп, ауданның әлеуетін арттыру жолында бірге жұмыс жасауға шақырды.