Қазақстаннан 130 шетелдік азамат қуылды
1 908

ІІМ ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, 20 ақпаннан бастап елімізде шетелдіктердің көші-қон заңнамасын бұзушыларды анықтауға бағытталған «Мигрант» операциясы жүргізіліп жатыр.
Полицейлер шетелдіктердің тұрғылықты жерлерін, құрылыс нысандарын, базарларды, жатжұрттықтардың жалдамалы еңбегін пайдаланатын ұйымдар мен жұмыс берушілерді тексеріп жүр.
Бір апта ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 6836 дерек анықталды. Оның ішінде 1814-і елде болу мерзімін бұзған, 1886 адам заңсыз еңбек еткен, 356 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Полицияны өздеріне келген шетелдіктер туралы уақтылы хабардар етпегені үшін 27 жеке және заңды тұлға тартылған.
Көші-қон заңнамасын бұзушыларды елден шығару туралы соттардың 514 шешімі шығарылды. Мәжбүрлі түрде 130 шетелдік елден қуылды. Енді олар Қазақстанға 5 жыл бойы кіре алмайды, - деп түсіндірді ол.