Депутаттыққа ниетті партиялардың пікірсайысы өтті

1 853
Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттығына үміткер 7 партияның пікірсайысы өтті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



Тікелей эфирде болған пікірсайыс 4 кезеңді қамтыды. Алғашқы кезеңде әр партия өкілі өз ұсынысын айтса, екінші бөлім сұрақ-жауаппен жалғасты. Ал үшінші кезеңде ел таңдап жатса, қандай істер атқаратындарын түсіндірді. Соңғы бқлімде дебат қатысушылары елді сендіретіндей үгіт-насихат жүргізуге тырысты. 

Тікелей эфирде болған пікірсайысқа қатысқан партия мүшелері:
Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау;
"Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев;
Amanat партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев;
"Ауыл" партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев;
Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков;
"Ақ жол" демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов. 


Пікірсайыс 70 минутқа созылды. Десе де, осы уақыт аралығында әр партия өкілі берілген уақыттарын тиімді пайдалануға тырысты. Алғашқы кезеңде “Respublica” партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау үгіт-насихат жұмыстары басталғалы 8 облыс пен 3 қаланы аралағанын, 700 мың халықпен кездескенін айтты. Әрі қала мен ауыл арасындағы білім деңгейін салыстырды. 

Ал “Байтақ” партиясы қоршаған ортаны қорғау мен халық денсаулығын жақсарту мәселесіне тоқталды. 

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Нұрлан Әуесбаев алғашқы кезеңде уәдесі көп, бірақ нақты нәтижесі жоқ шенеуніктердің іс-әрекетін сынады. Әрі соны бақылауға алатынын айтты. 

“Amanat” партиясының атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев болса 1 миллионға жуық азаматпен кездескендерін және сол үгіт-насихат кезеңінде ел ішіндегі қымбатшылық, жұмысссыздық мәселесі белең алғанына тоқталды. Әрі осындай негізгі проблемаларды шешуге күш салатынын алға тартты. 



Өз кезегінде “Ауыл” партиясы да аянып қалмады. Жигули Дайрабаев бірінші кезекте қарапайым еңбек адамына жағдай жасалуы керектігін алға тартты. Өйткені мемлекеттің азық-түлік мәселесін осы қарапайым еңбек адамдары шешіп отыр.

Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков мемлекеттік тіл және қандастарды қолдау мәселесінің алдыңғы қатарда тұратынын атап өтті. 

"Ақ жол" демократиялық партиясы да дебатта бірқатар мәселені көтерді. Партия төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов жалған ұрыншыл еместігін, керісінше барлығын өз ісімен дәлелдейтініне мән берді. 

Осылайша екінші кезеңде партия өкілдері бір-бірін сұрақ-жауапқа алса, үшінші кезеңде өз бағдарламаларын таныстырды.