Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі тағы ұзартылды
Нұр-Сұлтан қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Елжан Біртановты үйқамақта ұстау бұлтартпау шарасын күшінде қалдырды.
Кеше өткен отырыста мемлекеттік айыптаушы соттан бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақта ұстау мерзімін 14 шілдеге дейін ұзартуды сұраған еді.
Прокурор Төлеген Жараспаев Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 9 айға дейін, яғни 2021 жылғы 14 шілдеге дейін ұзарту туралы өтінішті Қаржы мониторингі агенттігі Тергеу департаментінің басшысы түсіргенін атай келіп, қосымша сараптама мен Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлерінен алынған жауаптарды, мемлекеттік аудит департаментінің қорытындысын талдау жұмыстарын 14 маусымға дейін аяқтау мүмкін емес деген уәж айтты.
"Осының бәрін ескеріп, үйқамақ мерзімін 14 шілдеге дейін ұзартуды және қанағаттандыруды сұраймын", - деді мемлекеттік айыптаушы.
Сонымен қатар, ол бұрынғы денсаулық сақтау министріне отбасы мүшелерінен басқа адамдармен телефон арқылы сөйлесуге және үйден шығуға тыйым салу керектігін жеткізді.
Бұл талабын мемлекеттік айыптаугы тергеу жұмыстарының мерзімі 1 тамызға дейін ұзартылуымен байланыстырды.
Жараспаев күдікті соттың тыйымы бар екенін біле тұрып, бірқатар заңға қайшы әрекеттерге барғанын атады. Бірақ сот отырысына БАҚ өкілдері қатысып отырғанын ескеріп, нақты қандай әрекеттер туралы сөз болып жатқанын ашып айта алмайтынын сөз етті.
Прокурордың айтуынша, бұл тергеу әрекеттерін жария ету болмақ.
Сот процесі барысында қорғаушылар Елжан Біртановтың сыртынан тергеу органының аңду жүргізуі заңды екенін растайтын құжат жоқ екенін айтып, үйқамақ мерзімін әрі қарай ұзартпауды сұраған болатын.
Бүгін сот Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін 9 айға дейін, яғни 2021 жылғы 14 маусымнан 14 шілдеге дейін ұзартылатынын хабардар етті.
(Баяндалған деректердің негізінде, Қылмыстық іс жүргізу ккодексінің 55, 56, 151, 152-баптарын басшылыққа ала отырып, сот Елжан Амантайұлы Біртановқа қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін 2021 жылғы 14 маусымнан бастап 14 шілдені қоса алғанда есептелетін 9 айға дейін ұзарту туралы қаулы етті. Күдіктінің қорғаушылары мен адвокаттарының өтініштері қанағаттандырусыз қалдырылсын", - деді тергеу сотының судьясы Ақмарал Исаева.
Айта кетейік, сот айыптаушы тараптың Біртановқа отбасы мүшелерінен басқа барлық адамдармен телефон арқылы сөйлесуге және үйден шығуға тыйым салу туралы өтінішін қабылдамады.