Министр межелеген мүмкіндіктер
Көктемнің басы, егістің алдында ҚР Ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтың жұмыс сапарымен Сыр өңіріне келуі көптеген түйінді мәселені тарқатуға мүмкіндік берді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Алдымен министр Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылындағы көркейту, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарымен танысты және Республика көлемінде өтетін ауылды дамыту тақырыбындағы семинарды талқылады. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, жеке қабылдау өткізді. Қызылорда қаласындағы бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарын аралап, жұмысын барысын көрді. Өңір үшін өзекті мәселелерге министр қан жүгірткендей ықпал етті.
Елімізде көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті. Әдеттегідей, биылғы жылы да егіншілердің алды болып дала төсіне оңтүстік аудан диқандары шықты. Олар 4913 гектар жаздық бидайдың 4368 гектарын егіп үлгерді. Ал, күрішке әлі ерте.
Көктемгі көкейтесті шаруа – жанар-жағар майдың жайы. Жанар-жағар май жеткізіп берушілер сылбырлығын шаруалар кешіргенімен, табиғаттың кешірмейтіндігі анық.
Көктемгі жұмыстарды жүргізуге арзандатылған дизель отынының көлемі былтырғы жылға қарағанда 13,0 мың тоннаға ұлғайтылып, 413,0 мың тоннаны құрады, Қызылорда облысына 12,1 мың тонна бөлінді.
Мемлекет басшысының бастамасымен «Ауыл аманаты» арнайы бағдарламасы бойынша ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс басталды. Бұл мақсатқа Қызылорда облысына ағымдағы жылы 3 млрд. теңге бөлінеді және бұл 600 микрокредит беруге және 636 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Республика Үкіметімен көктемгі егіс науқанын сәтті өткізу үшін 140 млрд. теңге қаралды, оның ішінде Қызылорда облысына 2,2 млрд. теңге бөлінді.
Жалпы ағымдағы жылы саланы субсидиялауға байланысты Қызылорда облысына 12,6 млрд. теңге тиесілі. Бірінші кезекте, бұл қаражат субсидиялар бойынша өткен жылы жиналған берешектерді өтеуге жұмсалады.
Ауыл тұрғындарын жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылымның тапшылығы толғандырады.
Қызылорда облысының жеке шаруа қожалықтарында мал саны бірнеше есе өсті. Енді мақсатсыз және тиімсіз пайдаланған жерлерді қайтып алып, қоғамдық пайдалануға беру көзделген. Өткен жылы өңірден 157,3 мың гектарға жуық жер мемлекет құзырына қайтарылды.
Түйінді мәселенің бірі – жер үлестері иелеріне қатысты. Осы мәселе бойынша республикада арнайы жұмыс комиссиясы жұмыс істейді. Жер үлестерін иеленушілердің құқын қорғау мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар, бірқатар түзету әзірленіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.