Орталық Азияда Түркі мемлекеттерінің географиялық кеңесі құрылды

1 738

Әзербайжан, Венгрия, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан географиялық қоғамдарының өкілдері Түркі мемлекеттерінің географиялық кеңесін (ТМГК) құру туралы келісімге қол қойды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі «QazaqGeography» РҚБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Мақсат – түркітілдес ғылыми-зерттеу институттары мен қоғамдық бірлестіктер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі жақсарту, сондай-ақ түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын (материалдық және материалдық емес) зерделеуге және сақтауға, Экологиялық күн тәртібін іске асыруға (2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу) бірлесіп үлес қосу. Тұтастай алғанда мұндай кеңес жария дипломатия үшін алаң (үкіметтік емес ұйымдар) бола алады.


Географиялық кеңестің штаб-пәтері Ташкент қаласында орналасады. Үш жыл мерзімге ТМГК Бас хатшысы болып Өзбекстан Республикасының Географиялық қоғамының басшысы Ойбек Норинбаев сайланды.


Жаңадан құрылған кеңес еларалық жобалармен, оның ішінде ғылым, білім беру, экологиялық тәрбие және үнемді көзқарас, мәдениет және туризм саласындағы өзара қарым-қатынасты кеңейту, түркі тарихы мәселелері бойынша ортақ ғылыми ұстанымдарды әзірлеу, Экологиялық күн тәртібін қамтамасыз ету және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі жобалармен айналысады деп жоспарланған. Кеңесті құру туралы бастаманы «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі көтерген.


«Біз Түркі мемлекеттерінің географиялық кеңесін құруда елеулі перспективаларды көріп отырмыз және бірлескен жұмыс пен оның нәтижесіне үлкен үміт артамыз. Өз кезегінде Қазақстан өңірлік және жаһандық мақсаттарға қол жеткізу үшін жинақталған тәжірибелерімен бөлісуге дайын», - «QazaqGeography» РҚБ басқарма төрағасы Орман Нұрбаев.


Түркияның Географиялық қоғамының өкілі Каан Капан қазақстандық тарапқа уақтылы жасалған бастамасы үшін алғысын білдірді.


«Мен «QazaqGeography»-ге түркі мемлекеттерінің географиялық қоғамдарының басын біріктіру туралы ұсынысы үшін ризашылығымды білдіремін және де бүгін біз осы келісімге қол қойып, болашаққа үлкен жол ашып жатқанымызға қуаныштымын», - деп атап өтті ол.


Жақын арада географиялық Кеңестің құрылымы, бірқатар жобалары мен нақты қадамдары бекітіледі.