Елімізде екі жаңа министрлік құрылмақ

1 264

Мемлекет басшысы жолдауда жаңадан Су ресурстары және ирригация министрлігі мен көлік министрлігі құрылатынын айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.



Президент “Қазақстан темір жолын" толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажеттігін айтты. 


“Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер.


Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет", – дейді ол. 


Сондай-ақ президент көлік министрлігі қайта құрылатынын мәлімдеді.


"Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет.Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – бұл стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады", - деді президент.


Мемлекет басшысы суды барынша үнемдеуіміз қажет екенін алға тартты. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейтінін жеткізді.


"Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. 


Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады", – деді президент.


Перзиденттің айтуынша, министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. "Қазсушар", "Нұра топтық су құбыры" және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады.


“Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек. Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын", – деп қосты президент.