Президент Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысына қатысушыларға үндеу жолдады

2 314

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысының ашылуымен құттықтады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.


Биыл – алғашқы Съездің шақырылғанына 20 жыл. Бұл игі бастама өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, аз уақыт ішінде маңызды өркениетаралық диалог алаңына айналды. Форум дінаралық татулық пен келісімді нығайтуға, бүкіл адамзатқа ортақ түйткілдердің шешімін табуға және толеранттылықты дәріптеуге септігін тигізіп келеді. Басқосу аясында әлемнің рухани көшбасшылары жаһан жұртын алаңдатқан өзекті мәселелерді талқылап, бейбітшілікті сақтау және өзара құрмет пен сыйластықты насихаттау туралы ойларын ортаға салады. Қазір геосаяси ахуал ушығып, түрлі сын-қатер күшейіп тұр. Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік, бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.


Президент Хатшылықтың бүгінгі отырысы мазмұнды әрі табысты өтетініне сенім білдірді.  


Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан дінаралық және өркениетаралық ынтымақтастыққа негіз болатын бастамаларға әрдайым қолдау көрсететінін, оны сыртқы саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде ұстанатынын атап өтті.


Президент жиын қатысушыларына алғыс айтып, олардың ізгілік жолындағы істеріне толайым табыс тіледі.