Президент дипломаттарды кәсіби мерекесімен құттықтады

301
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясат саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

"Сыртқы саясат саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын! Сіздердің негізгі міндеттеріңіз – ұлттық мүддені ілгерілету және қорғау, еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыру.


 Бұл бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Сіздерге осы жауапты мемлекеттік миссияны атқаруда табыс тілеймін!" - деді Қазақстан президенті Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында. 


Айта кетейік, бүгін елімізде Дипломатиялық қызмет күні. 


1992 жылы 2 шілдеде Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы істер министрлігі құрылды. Дәл осы күні Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Сыртқы істер министрлігі туралы", "Қазақстан Республикасының елшілігі туралы" және "ҚР Төтенше және Өкілетті елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы" ережелерді бекіту туралы Жарлығы шықты.


"ҚР Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге де мерекелер туралы" №3827 Жарлығына толықтырулар енгізу туралы" ҚР Президентінің 2009 жылғы 1 шілдедегі № 837 Жарлығымен кәсіби және өзге де мерекелер тізбесіне 2 шілде - Дипломатиялық қызмет күні деп толықтырылды.