Елімізде шетелдік радиоактивті қалдықтарды көмуге тыйым салынады

2 505

Фото:© Коллаж / Nano BananaБүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы мен іліспе екі құжат бірінші оқылымда мақұлданды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Елде радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі Ұлттық оператор институтын құру ескерілген.

Бұл заң жобаларын әзірлеуге бірнеше жүйелі мәселе негіз болды. Қазақстанда радиоактивті қалдықтар көлемі жылдан-жылға артып келеді. Бүгінде иондаушы сәулелену көздері атом энергетикасында, медицинада, ғылымда, мұнай-газ және тау-кен өндірістерінде кеңінен қолданылады. Соның нәтижесінде радиоактивті қалдықтар түрлері қалыптасып жатыр.

Елімізде «тарихи жинақталған» радиоактивті қалдықтар мен ядролық мұра объектілері мәселесі толық шешілген жоқ. Кеңес кезеңінен қалған кейбір объектілерде қорғаныш жабындарының бұзылуы, эрозия, инженерлік инфрақұрылымның тозуы және бақылаудың жеткіліксіздігі анықталған. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің 2014–2015 жылдардағы сарапшылық миссиялары Қазақстандағы бірқатар объекті бойынша ұзақ мерзімді мониторинг пен мемлекеттік бақылауды күшейту қажеттігін көрсетті. Халықаралық сарапшылар радиоактивті қалдықтарға қатысты қауіпсіздік жүйесін жүйелі түрде қайта құру қажет екенін атап өтті,- деді Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин.

Бұдан бөлек, радиоактивті қалдықтарға байланысты бірқатар объекті бойынша нақты жауапты ұйымдар мен теңгерім ұстаушылар толық анықталмаған. Кей объектілер мемлекеттік меншікте болғанымен, оларды әрі қарай бақылау мен қауіпсіз пайдалану тетіктері жеткілікті деңгейде реттелмеген, қолданыстағы заңнамада радиоактивті қалдықтарға қатысты жекелеген нормалар болғанымен, олар әртүрлі заңдарда шашыраңқы орналасқан және бірыңғай құқықтық жүйе қалыптастырмайды. Соның салдарынан есепке алу, сақтау, тасымалдау, көму және ұзақ мерзімді бақылау мәселелерінде құқықтық олқылықтар пайда болды. Осы аталған жүйелі мәселелер радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласында жаңа құқықтық және институционалдық тәсілдерді қалыптастыру қажеттігін айқын көрсетті.

Радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз ету – тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар стратегиялық және ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Айта кету қажет, заң жобасы Парламент депутаттарымен екі жылдан астам уақыт бұрын әзірленіп, Қазақстан Республикасы Үкіметімен қажетті келісулерден, сондай-ақ заңнамада көзделген сараптамалардан өтті. Негізгі және ілеспе заң жобаларының мақсаты - қауіпсіздік, жауапкершілік, ашықтық және мемлекеттік бақылау қағидаттарына негізделген радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің кешенді жүйесін құру, - деді депутат.

Негізгі заң жобасында қамтылған нормалар

Заң жобасында:

- радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы негізгі ұғымдар, объектілер мен субъектілер айқындалады;

- радиоактивті қалдықтардың түрлері және олардың пайда болу көздері белгіленеді;

- радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму пункттерінің құқықтық мәртебесі бекітіледі;

- мемлекеттік есепке алу мен бақылау тетіктері қалыптастырылады.

Мемлекеттік органдардың өкілеттіктері де нақты ажыратылған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі радиоактивті қалдықтарды көму пункттерін салу және жабу туралы шешімдер қабылдайды, ал уәкілетті орган лицензиялау, қадағалау және мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Мұнымен қоса, радиоактивті қалдықтарды есепке алу мен бақылаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі енгізіледі.

Заң жобасының негізгі жаңашылдықтарының бірі – радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі Ұлттық оператор институтын құру. Халықаралық тәжірибе бұл модельдің тиімділігін растайды. Ұлттық оператордың болуы радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің бірыңғай, қауіпсіз және экономикалық тұрғыдан тиімді жүйесін қамтамасыз етуге, функциялардың бытыраңқылығын болдырмауға және қауіпсіздіктің бірыңғай стандарттарына кепілдік беруге мүмкіндік береді. Осындай құрылымдар әлемнің көптеген елінде табысты жұмыс істеп тұр. Ұлттық оператордың негізгі функциялары ретінде радиоактивті қалдықтарды жинауды, тасымалдауды және қайта өңдеуді ұйымдастыру, сондай-ақ сақтау және көму пункттерін жобалау, салу және пайдалану ескерілген. Мұнымен қоса, қалдықтарды қайта өңдеу және кондициялау, радиоактивті қалдықтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу, халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысу, көму объектілеріне ұзақ мерзімді мониторинг жүргізу көзделеді. Ұлттық оператор елдің ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі орталық буынға айналып, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және оларды түпкілікті көму бойынша толық әрі кешенді жауапкершілікті өзіне алады, - деді Е.Жаңбыршин

Заң жобасының тағы бір маңызды нормасы – Қазақстан Республикасының аумағына шетелдік радиоактивті қалдықтарды әкелуге, орналастыруға және көмуге тікелей тыйым салу. Аталған норма экологиялық егемендікті, ұлттық мүдделер мен мемлекеттің қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.