Үй тапсырмалары жоғалып кетті: мұғалімдер BilimClass-та ақау шыққанын айтты
Мұғалімдер BilimClass электронды жүйесіндегі ақауға шағымданды. Олардың айтуынша, платформадан тұтас бір тоқсанның үй тапсырмалары жоғалып кеткен, ал кейбір пайдаланушылар жүйеге кіре алмай отыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
"Екі тоқсанның жұмысы!": мұғалімдер не дейді?
27 қарашада желіде электронды журналдың жұмысына қатысты шағымдар пайда болды. Мұғалімдердің бірі ақаудан кейін барлық сыныптағы үй тапсырмалары жойылып кеткенін айтты.
"Ақаудан кейін барлық сыныптағы үй тапсырмалары өшіп қалды. Тұтас бір тоқсанның еңбегі! Әріптестер, тағы кімде осындай жағдай? Бәрі қалпына келеді деп күтеміз бе, әлде тоқсан басында не бергенімізді еске түсіріп, қайта жаза бастаймыз ба?" – деп жазды педагог.
Пікір қалдырған басқа пайдаланушылар да осыған ұқсас мәселелер туралы хабарлады. Бірінде үй тапсырмалары жоғалса, енді бірінде қосымша мүлдем ашылмай қалған.
Кейбір мұғалімдер журналды қайта толтырып, өткен апталардағы тапсырмаларды қайта енгізуге тура келе ме деп қауіптенеді.
BilimClass өкілдері не деп жауап берді
BilimClass өкілдері 27 қарашада платформада техникалық ақау болғанын растады.
"Сол себепті кейбір пайдаланушыларға қате хабарламалар немесе мәліметтер баруы мүмкін. Туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Қазіргі уақытта мамандарымыз ақауларды жоюмен айналысып жатыр. Жағдай бақылауда", – деп хабарлады компания.
Компания өкілдері пайдаланушыларға электронды журналдағы ақпараттың бір бөлігі уақытша көрінбеуі мүмкін екенін қосты.
"Кейбір пайдаланушыларда қосымшаға кіру қиындауы мүмкін, сондай-ақ бағалар, сабақ кестесі мен үй тапсырмалары уақытша көрсетілмеуі ықтимал. Платформаның толыққанды жұмысын тезірек қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз", – делінген хабарламада.
Сервистің нақты қашан толық көлемде іске қосылатынын BilimClass нақтыламады. Сондай-ақ компания әзірге қанша пайдаланушының осы ақауға тап болғанын және мұғалімдерге деректерді қайта енгізу қажет бола ма, жоқ па, ол жағын да хабарламады.
BilimClass туралы
BilimClass – мұғалімдер журнал толтырып, баға қоятын және үй тапсырмасын беретін электронды білім беру платформасы. Оқушылар мен ата-аналар бұл жерден үлгерімді, сабақ кестесі мен тапсырмаларды көре алады.
Қаз
Рус






