Мал өсіру үшін несие енді кез келген адамға берілмейді – АШМ
Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға арналған жеңілдетілген несиелер кез келген өтініш берушіге беріле бермейді. Мемлекеттік қолдауға үміткер шаруалардың жем-шөп базасы болуы және ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай келуі міндетті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Бағлан Аймырзаев айтт, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
«Сыбаға» бағдарламасында қандай кемшіліктер болды
Бағлан Аймырзаевтың айтуынша, ведомство мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға кіріскен. Оның аясында «Игілік», «Береке» және «Жайлау» жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жаңа бағдарламаларды әзірлеу кезінде 2020 жылға дейін жұмыс істеген «Сыбаға» бағдарламасының тәжірибесі ескерілген. Бағлан Аймырзаевтың сөзінше, аталған бағдарламаның артықшылықтарымен қатар, елеулі кемшіліктері де болған.
«Оны жамандауға болмайды. Артықшылықтары да, кемшіліктері де болды. Соның бәрін ескере отырып, жаңа бағдарламалар іске қосылды. Аграрлық несие корпорациясы да талдау жүргізген. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алғандардың жем-шөп базасы болмаған. Несие алушылардың 99 пайызы жұмысын әрі қарай алып кете алмаған», – деді департамент директоры.
Бағлан Аймырзаевтың айтуынша, бұрынғы бағдарламалардағы осындай олқылықтар мемлекеттік қаржыны бөлу талаптарын қайта қарауға негіз болған.
Жеңілдетілген несиені кімдер ала алады
Департамент басшысы жаңа бағдарламаларға қатысу үшін шаруалардың нақты талаптарға сай болуы керектігін түсіндірді. Сөзінше, несие алуға ниетті азаматтың мал азығын дайындайтын жем-шөп базасы болуы, шаруашылығы ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес келуі және тиісті есептік нөмірі болуы міндетті.
«Бағдарламаға қатысып, несие алғысы келетіндер көп болуы мүмкін. Бірақ осы талаптар орындалмаса, олар несие ала алмайды. Себебі біз ол кезеңнен өттік. Әрбір бөлінген қаражаттың сұрауы бар. Несие мал шаруашылығымен шынайы айналысқысы келетін адамдарға беріледі», – деді ол.
Министрлік өкілі мемлекеттік қолдаудың негізгі мақсаты тек несие тарату емес, мал шаруашылығын нақты дамытып, кәсібін жүргізуге мүмкіндігі бар азаматтарды қаржыландыру екенін атап өтті.
Қаз
Рус






