Тоқаев Әлихан Смайыловты қабылдады

2 675

Фото: пресс-службы АкордыМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жоғары аудиторлық палатаның былтыр атқарған қызметінің қорытындылары мен осы жылға арналған жоспары жөнінде мәлімет берілді.

Президентке былтыр 214 нысанда құны шамамен 11 триллион теңгені құрайтын 27 аудиторлық іс-шара өткізілгені туралы баяндалды. Соның нәтижесінде жалпы сомасы 862 миллиард теңге болатын түрлі нормалардың бұзылғаны анықталды. Тексерістердің қорытындысы бойынша бюджетке 135 миллиард теңге қайтарылды. Бұл 2023 жылы өтелген қаржыдан бес есе артық.

Мемлекет басшысына құрылыс нысандарындағы баға қалыптастыру, өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру, ауыл шаруашылығын субсидиялау ісінде олқылықтар үнемі байқалатыны айтылды.

Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған заң бұзушылықты жою үшін Үкіметке ұсыным беріп, жауапты мемлекеттік органдарға нұсқама жолдаған.

Әлихан Смайылов биыл 40-тан астам аудиторлық іс-шара өткізу жоспарланғанын жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана және Алматы қалалары, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстары, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы, KEGOC кәсіпорыны, Ұлттық банк, Төтенше жағдайлар министрлігі бюджеттерінің орындалуы тексеріледі. Сонымен қатар ғылым, қорғаныс, құқықтық тәртіпті сақтау, спорт, әлеуметтік қамтамасыз ету, орман шаруашылығы салаларында аудиторлық тексерістер жүргізіледі.

Кездесу соңында президент мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар бюджет қаржысының игерілуін тиімді бақылау үшін заманауи цифрлық шешімдерді енгізудің маңызына назар аударды.


OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.