Назарбаев Рахат Әлиев туралы айтты

245
Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мұхтар Әблязов пен Рахат Әлиев туралы өз ойымен бөлісті. 
Елімізде 6 шілде күні танымал режиссер Оливер Стоунның продюсерлігімен "Qazaq: history of the golden man" деректі фильмі көпшілікке жол тартты деп жазады Sputnik Қазақстан. 
Аталмыш фильмде сұхбат берген Елбасы бұрынғы күйеу баласы, марқұм Рахат Әлиевке қатысты пікір білдіріп, оның жоғары лауазымға тағайындалуын "үлкен қателік" деп атады. 
"Ол қаржы полициясына басшылық етті. Осыны пайдаланып, ол бизнеске қысым көрсетіп, тартып алып жатты, олардан ақша талап етті. Бір кезде мен оған "тоқта" деп ескерту жасадым. Менің күйеу балам, сенесіз бе? Үш кішкентай немере бар. Үш немеремді жетектеп қызым, және оның әкесі келді. Мен "енді не істей аламын? Ол қылмыскер" деп айттым", - деп есіне алды Нұрсұлтан Назарбаев. 


"Бұл сіз үшін өте ауыр тиген шығар?", - деп сұрады Оливер Стоун Елбасыдан.


 "Өте ауыр тиді. Егер өзге біреу болса... Ал мұнда сенім артуың тиіс өз адамың... Сен кеше Дариғада болдың ба?", - деп сұрады Елбасы.


 "Иә, ол мұны талқылағысы келмеді", - деп жауап берді Стоун. 


"Мен оның басынан не өткергенін түсінемін. Мен оны аяймын", - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.


 "Сіздің командаңыздан жоғары лауазымдарда болған адамдар бір сәтте сізге қарсы әрекет ете бастаған жағдайлар да болған шығар?", - деп Стоун Елбасыдан сұрады. 
"Бұл тек біздің тарихта ғана емес, барлық жерде бар. 1991 жылға көз жүгіртейік, Кеңес Одағы құлады, біз жалғыз қалдық, аман қалуымыз керек болды. Менімен бірге жұмыс істеген серіктестерімнің бәрі бұрынғы коммунистер болды. Десе де, университетті бітірген жігіттердің қатарында нарықтық экономикадан, капитализмнен кішігірім хабары барлары да болды. Ескі тәжірибе кедергі болмауы үшін мен осы 30-32 жастағы жігіттерді қызметке тағайындай бастадым", - дейді Нұрсұлтан Назарбаев. 


Елбасы сатқындық туралы сұраққа да жауап беріп, Мұхтар Әблязовты есіне алды. Тұңғыш президент мұндай жастарды министр секілді жоғары лауазымдарға қалай тағайындағанын айтып берді. 


"Бұл да қателік болды. Олар, керісінше, мемлекеттің азғана ақшасын ұрлай бастады. Көбі сыбайлас жемқорлықпен ұсталды. Ол (Әблязов - ред.ескертпесі) Лондон сотымен халықаралық алаяқ ретінде танылып, сотталды. (Алғашында - ред.ескертпесі) мен оған рақымшылық жасадым", - деп жалғастырды Елбасы.


 "Ең үлкен қателік оның банкке қайта оралып, осы бан
кті тонап, бірнеше миллиард доллар қаражатты шығарып алғанында болды. Сонымен қатар, ол өзінің серіктесін тапсырыспен өлтірді. Біз мұның бәріне америкалық ФТБ-мен бірге тергеу жүргіздік", - деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.