Президент балаларды суицидке итермелейтін жағдайлармен күресу үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Президентке бір жыл ішінде балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында қабылданған заңнамалық өзгерістердің нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілгенін және балаларға қатысты зорлықтың кез келген түріне жаза қатаңдатылғанын атап өтті. Заңға Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен азаматтық қоғам секторы бірлесе ұсынған нормалар топтамасы енді.
Динара Зәкиева қазір аталған заңнамалық нормаларды нақты жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша:
— балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері үшін арнайы оқу курсы басталады;
— қорғаншылық және қамқоршылық органдарын күшейту мәселесі пысықталып жатыр;
— «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен, сондай-ақ «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларымен серіктестік негізде 6 аутизм орталығы, 11 өңірлік оңалту орталығы ашылды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің есебін тыңдаған соң Президент құқықтық сауаттылық деңгейін көтеру және оқушылар арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау маңызды екенін айтты.
Кездесу барысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұрғын үй бөлу, сондай-ақ ауылдық жерлерде жеткіншектерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы балалар мен жөспірімдер арасында суицидке итермелейтін жағдайлардың белең алуына жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев балалар травматизмі мен оқыс оқиғалардың алдын алу мәселесін айрықша бақылауда ұстауды тапсырды.