Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәскеуде бейресми кездесу өткізді

2 546

Фото: АқордаМәскеу, Ресей Федерациясы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды. Сапар аясында мемлекет басшылары бейресми жағдайда жүздесіп, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Мәскеуде көрсетілген жылы қабылдау мен жоғары деңгейдегі құрмет үшін ризашылығын білдірді.

– Құрметті Владимир Владимирович, Мәскеуге, осынау қасиетті жерге табаным тиген сәттен бастап көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Ресей астанасындағы ыстық ықылас мені қатты қуантты. Екіжақты ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар сипатына ие. Мемлекеттеріміз арасында шешілмеген түйткіл жоқ, ал туындайтын мәселелер президенттер мен үкімет басшыларының бірлескен күш-жігерімен оң шешімін табады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сондай-ақ бұл сапардың бейресми сипатта өтіп отырғанына тоқталып, Ресей басшысымен пікір алмасуға және бірқатар маңызды бастамаларды талқылауға ниетті екенін айтты.

Өз кезегінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мәскеуге мемлекеттік сапармен келгені үшін алғыс білдіріп, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, келісілгендей, Сіздің мемлекеттік сапармен келгеніңізге ризашылығымды білдіремін. Біз әрдайым байланыстамыз, бірақ мемлекетаралық қатынастарда мұндай ресми кездесулер де маңызды. Бүгін бейресми жағдайда пікір алмасып, барлық өзекті мәселелерді талқылаймыз. Ертең әріптестермен бірге екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін қарап, болашаққа арналған бағыттарды анықтаймыз. Жалпы, биылғы жылды жақсы нәтижелермен аяқтап, жоспарланған міндеттерді орындаймыз деп сенемін, – деді Ресей Президенті.

Мемлекет басшыларының бұл кездесуінде екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар талқыланды.