«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдинг болып қайта құрылды
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі инвестициялық бағытқа басымдық бере отырып қайта ұйымдастырылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының экономиканың нақты секторын қолдау және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде холдингтің трансформациясына арналған директорлар кеңесінің отырысын өткізді
Отырыс барысында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» мәртебесі бекітіліп, ұйымның қызмет ауқымы кеңейтілетіні жарияланды. Жаңартылған холдинг инфрақұрылымдық, экспорттық және индустриялық жобаларды қолдау бойынша қосымша функцияларға ие болады. Негізгі мақсат — капитал тартуды күшейту, отандық өндірісті дамыту, импортты алмастыруды жеделдету және шикізаттық емес экспорт үлесін ұлғайту.
Бектеновтың айтуынша, трансформация нәтижесінде «Бәйтерек» басым салаларға қаржы, жаңа технологиялар мен халықаралық инвесторларды тарта алатын тиімді механизмге айналуы тиіс.
Сонымен қатар холдингтің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, корпоративтік басқаруды жетілдіру, тәуекелдерді басқару және еншілес ұйымдардың инвестициялық белсенділігін арттыру бағыттары белгіленді. Отырыста 2025 жылғы III тоқсандағы тәуекелдер бойынша жиынтық есеп пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің есебі де мақұлданды.
Президенттің цифрландыру жөніндегі тапсырмалары аясында кәсіпкерлікті қолдау саласына жасанды интеллект құралдарын енгізу бойынша жаңа тиімділік көрсеткіштері бекітілді. Сонымен бірге шетелдік инвестицияларды тарту көлеміне қатысты холдинг басшыларының көрсеткіштері қайта қаралатын болды.
Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің 2026–2028 жылдарға арналған бірлескен бағдарламасы шеңберінде «Бәйтерек» экономиканың нақты секторын қаржыландыруды ұлғайтады. Қазіргі таңда бизнеске жалпы 5,7 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, 29 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Биыл мемлекеттік қолдау мөлшері 8 трлн теңгеге дейін жеткізіледі деп жоспарлануда.







