Қасым-Жомарт Тоқаев елшілердің сенім грамоталарын қабылдады
Ақордада Қазақстан Президентіне сегіз мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінің сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенім грамоталарын Норвегия Корольдігінің елшісі Хелена Санд Андресен, Аргентина Республикасының елшісі Энрике Игнасио Феррер Виейра, Гана Республикасының елшісі Кома Стим Джеху Аппьях, Мали Республикасының елшісі Сейду Камиссоко, Гамбия Республикасының елшісі Алкали Фанка Конте, Бангладеш Халық Республикасының елшісі Мұхаммед Назрул Ислам, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының елшісі Шобини Гунасекера, Босния және Герцеговина елшісі Иван Орлич тапсырған.
Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттарға Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси даму перспективасы жөнінде әңгімелеген.
Мемлекет басшысы Қазақстанның бейбіт сыртқы саясат жүргізетінін атап өтті. Президенттің айтуынша, әлемдегі барлық кикілжіңдер мен қақтығыстар дипломатиялық құралдар арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Шығанақ елдеріне әрдайым тілектес екенін және шиеленістің тезірек шешілуіне үміт артатынын жеткізген.
Кездесу соңында Президент шет мемлекеттер елшілерінің жауапты қызметіне табыс тіледі.







