Азық-түлік бағасының өсу қарқыны үш есе төмендеді

2 509

Фото:© Астана әкімдігіСауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, наурыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа өсу индексі 0,3%-ды құрады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Премьер-министрдің орынбасары - Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңесте бірінші тоқсанның алдын ала қорытындылары қаралды. 2026 жылдың наурыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тек 0,9% өсті. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы өсіммен салыстырғанда үш есе төмен. Ал бірінші тоқсанда баға өсімі 1,2% болып, 2025 жылғы 3,8%-дық деңгейге қарағанда айтарлықтай баяулады. Баға өсімінің негізгі төмендеуі көкөніс өнімдерінде байқалды: қияр 22,6%-ға, пияз 10,9%-ға, қызанақ 2,6%-ға, қырыққабат 1,9%-ға арзандаған. Жыл басынан бері қияр бағасы 31,1%-ға төмендеген.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, бағаның тұрақталуы мен нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету жылыжай шаруашылықтарын қолдау бағдарламасының нәтижесінде мүмкін болды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жылыжайлардың жалпы алаңы 1,33 мың гектарды құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12,6 гектарға көп. Негізгі өсім фермерлік жылыжайлар есебінен қамтамасыз етілді – 713,3 гектардан 799,4 гектарға дейін. Ресми статистика бойынша, тұтыну бағалары индексі халықаралық әдістемеге сай есептеліп, 537 тауар мен қызмет түрін қамтиды. Мониторинг 12 мыңнан астам сауда нысанында жүргізіледі. Ішкі сауда жүйесінде шамамен 760 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, олардың 300 мыңнан астамы азық-түлік өнімдерін сатады. Экономистер баға өсімінің баяулауы ішкі нарықтағы тұрақтылық пен отандық өнім өндірісін қолдаудың оң әсерін көрсетеді деп санайды.