Бүгін Сенат «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Құжат радиациялық ахуал туралы деректермен алмасу, оларды талдау және болжау арқылы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыруға, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сенаттың жалпы отырысында депутат Арман Өтеғұлов келісімнің негізгі тетіктеріне тоқталды.
"Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарындағы радиациялық жағдайдың жай-күйі және оның өзгеруі туралы деректер мен ақпаратты ұсыну және алу жөніндегі құқықтық қатынастарды реттейді", - деді депутат Арман Өтеғұлов Сенаттың жалпы отырысында.
Келісім аясында тараптардың уәкілетті органдары мониторинг деректерімен тұрақты алмасуды қамтамасыз етеді, берілетін ақпараттың дұрыстығына жауап береді және күтпеген жағдайларда деректерді беру мүмкін болмаған жағдайда уақытылы хабарлауға міндетті.
"Әрбір мемлекет деректер алмасуға арналған техникалық және бағдарламалық құралдармен пайдалануды өз бетінше қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларды рұқсатсыз қол жеткізуден немесе ақпараттың таралуынан қорғау шараларын көздейді. Одан бөлек, деректер алмасудың бірыңғай тәртібі әзірленеді, ол ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясымен бекітіледі. Бірыңғай тәртіпке радиациялық жағдай параметрлері туралы берілетін ақпараттың тізбесі, форматтары, архивтеу мерзімдері мен регламенті, сондай-ақ келісімге қатысушы уәкілетті органдардың байланыс деректері енгізіледі. Бұл келісім тек радиациялық жағдайды мониторингтеудің мемлекеттік жүйесінің деректеріне ғана қолданылады және атом энергиясын пайдалану объектілерінің радиациялық мониторинг деректеріне қолданылмайтынын атап өткен жөн. Жалпы алғанда, Келісімді іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық әрі құқықтық салдарға әкеп соқпайды", - деді сенатор.
Құжат радиациялық қауіпсіздік саласында ашықтықты арттырып, өңірлік деңгейде жедел ақпарат алмасу жүйесін жетілдіруге бағытталған.