Қазақстанда жаңа кәсіптер атласы толық әзірленді

2 505

Фото:© Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірлігіҒылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілістегі Үкімет сағатында Жаңа кәсіптер атласына қатысты жүргізілген жұмыстардың қорытындысын баяндады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Жоба аясында 27 сала қамтылып, 1750-ден астам жаңа білім беру бағдарламасы енгізілген. Атласты әзірлеу институционалдық шешімдер қабылданғанға дейін басталып, бүгінде елдің барлық өңірінде толық аяқталған. 

Өңірлік атластар экономиканың 27 саласын қамтиды. Олар жаңа кәсіптердің жасанды интеллект, цифрландыру, орнықты даму және автоматтандыру бағыттарында қалыптасып жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, бірсарынды еңбектің рөлі төмендеп келе жатқаны анықталған,- деді министр.

Барлық атлас Enbek.kz сайтында ашық қолжетімді. Қажет болған жағдайда оларды қолдану бойынша арнайы дашбордтар да ұсынылмақ.
Министрдің мәліметінше, өңірлік және салалық атластар бүгінде нақты жұмыс істейтін құралға айналған. Атап айтқанда, олардың негізінде туризм, құрылыс, тау-кен металлургия кешені, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы сияқты басым бес сала бойынша 20 кәсіптік стандарт әзірленген. Сондай-ақ 100-ден астам кәсіп жаңа кәсіптер жіктеуішіне енгізілген. 234 мың оқушыға кәсіби диагностика жүргізіліп, жоғары оқу орындары базасында 19 құзыреттілік орталығы құрылған. Жалпы алғанда, атластар негізінде 1750-ден астам жаңа білім беру бағдарламасы енгізілген. Бұл бастама білім беру жүйесі мен еңбек нарығын өзара байланыстыратын бірыңғай болжамдық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік бермек.