Президент туралы занға өзгерістер енгізілмек
2026 жылдың 15 наурызында жаңа Конституция қабылданғаннан кейін, парламент жаңартылған конституциялық құқықтық актілерді қарау процесін бастады. Соның ішінде «Президент туралы» конституциялық заңға өзгерістер енгізу мәселесі де бар. Аталған заң жобасы президенттің арнайы Жолдауы негізінде заң шығару бастамасы тәртібімен Мәжіліс қарауына енгізілген.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, заң жобасы Қазақстан Республикасының Президенті мен Вице-президентінің құқықтық мәртебесін айқындайды. Құжат 8 тарау және 43 баптан тұрады. Оның сөзінше, бұл заң жобасы республикалық референдумда қабылданған Конституция нормаларына сәйкес әзірленген. Конституциялық заң жобасын Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында қарау үшін әр палата арнайы комиссияға өз өкілдерін ұсынуы тиіс.
«Осыған байланысты бірлескен комиссия құрамына Мәжіліс атынан депутаттар Әшімжанов, Ирубаев, Казанцев және Шапактың кандидатуралары ұсынылды. Сондай-ақ депутат Әшімжанов осы заң жобасы бойынша Мәжілістің қосалқы баяндамашысы ретінде тағайындалуы ұсынылып отыр. Осыны ескере отырып, заң жобасын жұмысқа қабылдап, аталған депутаттарды бірлескен комиссия құрамына сайлауды ұсынамыз», – деді депутат.
Сонымен қатар Мәжіліс келесі заң жобаларын да қарауға алды:
- «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы»
- «Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы»
- «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы»
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау барысында бір палаталы парламент құру бастамасын көтерген болатын.
Конституцияның 48-бабы 1-тармағына сәйкес, егер Президент өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатса немесе қызметін атқара алмаса, оның міндеті Парламент Сенатының Төрағасына өтеді. Яғни, қазіргі жүйеде «екінші тұлға» мәртебесі Сенат төрағасына бекітілген.
Алайда Сенат таратылған жағдайда бұл өкілеттілік Мәжіліс спикеріне берілуі мүмкін.







