Мемлекеттік қызметке көңілдесі мен тоқалын жұмысқа ала алмайды
Сенатта мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған заң мақұлданған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Arasha.kz порталына сілтеме жасап.
Құжатқа сәйкес, мемлекеттік қызметшілер жариялауға міндетті байланысты тұлғалар тізімі кеңейеді. Енді бұл қатарға тек ресми некедегі жұбайлар мен жақын туыстар ғана емес, азаматтық некеде тұратын адамдар да енгізілмек.
Жаңа нормалар туралы сенатор Андрей Лукин брифинг барысында түсіндірді. Оның айтуынша, заңнамада тек нақты құқықтық ұғымдар қолданылатындықтан, "дос-жаран", "жақын таныс" секілді түсініктерді заңға енгізу мүмкін емес. Алайда мүдделер қақтығысын болдырмау үшін байланысты тұлғалар шеңбері едәуір кеңейтілген.
Осылайша, ресми түрде некеге тұрмаған, бірақ бірге тұрып, ортақ тұрмыс жүргізетін адамдар да енді мүдделер қақтығысына қатысты талаптар аясында қарастырылады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мұқсимовтың айтуынша, мұндай тәсіл Қазақстан заңнамасы үшін мүлде жаңа ұғым емес. Байланысты тұлғаларға қатысты осындай нормалар Салық кодексінде және заңсыз активтерді қайтару туралы заңда бұрыннан бар.
Жаңа талаптар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Алайда олар кері күшке ие болмайды. Яғни қазірдің өзінде осындай мүдделер қақтығысы жағдайында қызмет атқарып жүрген адамдар жұмысын жалғастыра алады.
Жалпы, заңның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтегі ашықтықты күшейту, жеке мүдде мен қызметтік өкілеттіктің араласуына жол бермеу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту.







