Эльдар Толғанбаев Президенттің көмекшісі қызметіне тағайындалды
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Эльдар Сейдахметұлы Толғанбаев Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Эльдар Толғанбаев 1981 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мен Д. А. Қонаев атындағы университетте білім алған.
Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2005 жылы Алматы облысы Алакөл ауданы мәслихат аппаратының бас маманы ретінде бастаған. Кейін аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің құрылымдарында қызмет атқарды.
Әр жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Ақпараттық-талдау орталығында, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде, Парламент Мәжілісінде және Алматы қаласының даму институттарында басшылық қызметтер атқарған.
2020-2022 жылдары "Almaty телерадиокомпаниясы" АҚ бас директорының бірінші орынбасары болды.
2022-2023 жылдары Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, кейін ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметін атқарды.
2023-2024 жылдары Президент Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды.
2024 жылғы ақпаннан бастап Үкімет Аппараты басшысының орынбасары лауазымында еңбек етті.
Жаңа қызметінде Эльдар Толғанбаев ішкі саясат пен коммуникациялар бағыттарына жетекшілік ететін болады.
Қаз
Рус






