Қазақстандағы адам құқығын бұзушыларға қарсы санкция талап етті

427
Еуропарламент Қазақстанда адам құқықтарын бұзғаны үшін кінәлілерге қарсы санкция енгізуді талап етті деп хабарлайды  "Opennews.kz"  ақпарат агенттігі.

Еуропарламент депутаты Ружа Тун Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуына кінәлі адамдарға санкция қолдануды талап етті. "Кеше мен Қазақстанның Әділет министрі Марат Бекетаев мырзамен кездестім. Ол реформаның өршіл жоспарларын ұсынды. Мен оған саяси тұтқындар мен қуғындалған белсенділердің тізімін бердім. Біз ынтымақтастықта болғымыз келеді, бірақ біз адам құқықтарын бұзушыларға қарсы санкцияларды талап етеміз", – деп жазды ол 30 қыркүйекте өзінің Twitter-дегі парақшасында Қазақстан Әділет министрлігінің басшысымен кездесуден кейін. Еске сала кетсек, биыл ақпан айында Еуропалық парламент Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты жағдайды сынға алып, Еуропа Одағын заңбұзушылықтар үшін жауаптыларға қатысты санкциялар салуға шақырды. 
Құжатта адам құқықтары бойынша жалпы жағдайдың нашарлауына, азаматтық қоғам ұйымдарына қарсы репрессияға, сөз бостандығы мен бейбіт жиналыстарға деген құқықтардың күрт шектелуіне Еуропалық парламенттің назар аударғаны жазылған. Еуропалық парламенттің пікірінше, Қазақстан билігі оппозициялық көзқарастағы азаматтар мен журналистердің, блогерлердің, тәуелсіз кәсіподақ мүшелерінің, құқық қорғаушылардың ізіне түсуде, ал оппозиция белсенділері түсініксіз жағдайда қаза тауып жатыр.