Ішкі туристер саны 5,2 млн адамды құрады

248
ҚР Мәдениет және спорт министрі 2021 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,2 млн адамды құрады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

«Мемлекет басшысы Министрлікке туризм саласын ел экономикасын дамытатын драйверге айналдыруды жүктеді. Бізде бұған қажетті рекреациялық, экологиялық, инвестициялық және адами сияқты ресурстардың бәрі бар. Эпидемиологиялық жағдай мен шекарадағы карантиндік шектеу шараларының себебінен келу туризмі бойынша көрсеткіштердің айтарлықтай төмендегені белгілі. Дегенмен, карантиндік талаптар жеңілдегеннен кейін бірқатар көрсеткіштердің, оның ішінде ішкі туризмнің де жақсарғаны байқалып отыр. 2021 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,2 млн адамды құрады. Бұл 2019 жылғы карантинге дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда 100 мың адамға артық», - деді Д. Абаев.


Оның айтуынша, өткен жыл ұлттық парктерге туристердің ең көп келген жылы болды. Атап айтқанда, туристер саны 2019 жылмен салыстырғанда 300 мыңға көбейіп, 1,5 млн адамды құраған. Әсіресе, Алматы тау кластерінің ұлттық парктеріне келушілердің еселеп артқанын айту керек: Іле Алатауы (212 мыңнан 430 мыңға дейін), Көлсай (83 мыңнан 160 мыңға дейін) және Шарын.

«Бұл ұлттық парктерге өз жобаларын табиғатқа зиян келтірмей жүзеге асыратын инвесторларды тарту ісінің тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Сондай-ақ орналастыру орындары көрсететін қызмет көлемі де өсуде. Мысалы, өткен жылғы 9 айдың қорытындысы 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 66%-ға өскені байқалады. Орналастыру орындары 182 бірлікке, ал олардың біржолғы сыйымдылығы 9 мыңнан астамға көбейді. Яғни біржолғы тәртіпте 200 мыңға жуық адамды қабылдай аламыз», - деді министр.