Президент Түркияға сапары барысында екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында құжаттарға қол қойды

414
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы қарым-қатынасты «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Түркия Президентінің резиденциясында ресми делегация мүшелерінің қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Режеп Тайип Ердоған келіссөз өткізді.

Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан ары дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.

Сонымен қатар мемлекеттер басшылары ғаламдық және аймақтық өзекті мәселелерді қарастырып, халықаралық құрылымдардағы өзара ынтымақтастықты талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев түрік елінде көрсетілген құрмет пен қонақжайлығы үшін Режеп Тайип Ердоғанға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар бауырлас түрік жеріне аяқ басқанда әрдайым өз үйімізге келгендей сезінетіндігімізді, Қазақстан атажұрт болса, Анадолы екінші отанымыз деп білетіндігімізді жеткізді.

Экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуда орасан табыстарға қол жеткізді. Өңірлік және жаһандық маңызы зор мәселелерді шешудегі белсенділігі мен табандылығы арқылы әлемдік сахнада лайықты орынға ие болды. Осы тұста, қадірлі Режеп мырза, қуатты Түркия елінің арманын арқалаған саясаткер ретінде еңбегіңіздің әрдайым жемісті болуына тілектеспін.  Түркия – Қазақстанның Еуразия құрлығындағы ең маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Елдеріміз арасындағы ортақ тарих пен рухани мұраға негізделген қарым-қатынастарымыз бүгінде өрістеп, стратегиялық серіктестік деңгейінде ілгерілеп келеді. Қазақ халқының «Байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ» деген ұлағатты сөздері Сіздің шынайы досымыз, тілектес бауырымыз екеніңізді айшықтайды, – деді Мемлекет басшысы.


Сондай-ақ мемлекет басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері мынадай 14 құжатқа қол қойды:

1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік архивтер басқармасы арасындағы ынтымақтастық туралы хаттама.

2. Қазақстан республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түркия Республикасы Президентінің аппараты жанындағы коммуникация басқармасы арасындағы БАҚ саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісім.

4. Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы туралы келісімге Техникалық тапсырма.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасу ісін ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісім.

6. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Түркия Республикасы Ауыл және орман шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы бас басқармасы арасындағы орман шаруашылығы саласы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум.

7. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім.

8. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Түркия Республикасы Индустрия және технология министрлігі арасындағы ақпараттық технологиялар салалары бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.

9. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери барлау саласы бойынша ынтымақтастық туралы хаттама.

10. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери архивтер, әскери тарих, музейтану және әскери жарияланымдар салалары бойынша ынтымақтастық туралы хаттама.

11. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы білім беру саласы бойынша ынтымақтастық туралы келісім.

12. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі арасындағы кинематография саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.

13. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Түркия Республикасы Жастар және спорт министрлігі арасындағы жастар саясаты саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.

14. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Түркия Республикасы Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрлігі арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумы.