Әлихан Смайылов Ресейдің Үкімет басшысы Михаил Мишустинмен кездесті
762
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәскеуге жұмыс сапары барысында Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен келіссөз жүргізді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Биыл екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнап, Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың бекітілгеніне 30 жыл толады.Кеңейтілген құрамда өткен кездесу барысында Әлихан Смайылов Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық байланыстың барлық спектрі бойынша екіжақты өзара іс-қимылдың дәстүрлі жоғары деңгейінде ие екенін атап өтті.
Осы кезеңде сенімді әрі сындарлы диалог орнады. Көптеген өзара тиімді бағыттар бойынша серіктестік жоғары деңгейге көтерілді,— деді ҚР Үкіметінің басшысы.
"Ресей Федерациясы — Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы үштен бірге өсіп, $24,2 млрд рекордтық көрсеткішке жетті. Екі ел Үкіметтері өзара сауда мен инвестицияларды одан әрі арттыру керек", — деді өз сөзінде Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ҚР Үкіметінің басшысы ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты өнеркәсіптік кооперация екендігін атап өтті.
"Қазақстанда 13 маңызды бірлескен жоба іске асырылды. Бірқатар салада, оның ішінде машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібінде құны шамамен $4 млрд құрайтын 22 ірі жоба жүзеге асырылып, кейбірі пысықталып жатыр. Бұл бағытта біздің одан әрі даму әлеуетіміз жоғары. Бірлескен жобаларды тезірек іске қосуға мүдделіміз және жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз",- деді ол.
Әлихан Смайылов Қазақстан мен Ресей ЕАЭО, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ және АӨСШК сияқты аймақтық ұйымдар аясында да табысты өзара іс-қимыл орнатқанын атап өтті.
Жиын соңында Михаил Мишустин Қазақстанмен достық, тату көршілік қарым-қатынастар мен одақтастықты жоғары бағалайтынын айтты. Сондай-ақ, Ресей Үкіметі алдағы уақытта ынтымақтастықты кеңейту мәселесін қарастырмақ.
Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы импортты алмастыру бағдарламаларын жүзеге асырудың перспективаларын атап өтті.
Өнеркәсіпте, машина жасауда, көлік, энергетика, цифрлық экономика салаларында бірлескен жаңа стратегиялық жобаларды іске қосуға жағдай жасалған. Бұл мәселелер біздің Үкіметаралық комиссияның тұрақты бақылауына алынған,— деді Михаил Мишустин.