Алматы әкімдігі алдағы мереке қарсаңында қала тұрғындарына үндеу жасады

275
Алматы қаласының санитар дәрігерлері эпидемиологиялық ахуалдың ушыққанын айтып, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. 

Алматыда 1 шілдедегі жағдай бойынша коронавирус инфекциясының 74 306 жағдайы тіркелген.


 Ал 30 маусымда 305 алматылықтан коронавирус анықталған. 29 маусымдағы жағдай бойынша зерттелген сынамалардағы үнді штаммының үлес салмағы — 78,3%. 


Инфекциялық стационарларда 703 адам жатыр, оның 53-і балалар. Жалпы науқастардың ішіндегі 16 пациенттің жағдайы өте ауыр, 153-і ауыр, 534 — орташа ауырлық дәрежеде. Реанимация және интенсивті терапия бөлімдерінде 54 науқас жатыр. ӨЖЖ аппаратында жатқан науқастар — 11, инвазивті емес ӨЖЖ аппаратында — 23, High flow аппаратында — 18. 


Бүгінде коронавирустың 1295 белсенді ошағы бар. Дерт тіркелген орындар — үйлер, пәтерлер, кеңселер және т.б. 14 күн бойы бақылауға алынады. 


Соңғы 7 күнде 20 — 39 жас аралығында ауруды 394 адам жұқтырған, 40-59 жас аралығындағыларда 243 жағдай, 60 жас және одан жоғарыдағыларда 211 жағдай тіркелген. 14 жасқа дейін — 131 жағдай, 15-19 жаста — 46 және 1 жасқа дейін — 22 жағдай. Осылайша, дәрігерлер мен санитарлық дәрігерлер қоғамның ең белсенді санаты инфекцияны тез жұқтыратынын айтты.


 Соңғы аптадағы мәліметтер бойынша инфекция қоғамдық орындарда, яғни кафелер, мейрамханалар, түнгі клубтар және басқа да жаппай жиналу орындары тез таралуда. Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар да бар, инфекцияның 24,4 пайызы отбасында жұққан.


 "Сондықтан Алматыдағы коронавирус таралуының алдын алу жөніндегі қалалық штаб эпидемиологиялық жағдайдың ушыққанын ескере отырып, алматылықтар мен қала қонақтарын мерекелік демалыс күндері қарсаңында қоғамдық орындарға барудан бас тартуға шақырады. 


Сонымен қатар, санитарлық қауіпсіздік шараларын, оның ішінде бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет. Жалпы, инфеккциядан қорғаудың жалғыз сенімді әрі тиімді жолы — вакцина салдыру", - дейді әкімдік.

 
Сонымен бірге, бүгінде Алматыда 461 545 адамға вакцина салынған. Соның ішінде 78 257 адам 60 жастан асқандар. Өткен тәулікте 10 340 адамға екпе салдырған.