Тоқаев Путинмен алдағы келіссөз туралы айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Известия" басылымына берген сұхбатында Ресей көшбасшысы Владимир Путинмен алдағы келіссөздер туралы айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының айтуынша, сындарлы саясат және өзара тиімді нәтижеге ұмтылыс – Қазақстан мен Ресей диалогының негізгі ерекшелігі.
"Біз әрдайым ресейлік серіктестеріміздің ұстанымына назар аударуға тырысамыз, олар да біздің пікірімізді ескереді.
Өзіңізге мәлім, биыл ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толады. Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достықтың тарихы тереңде жатыр, ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Дегенмен 2013 жылы қол қойылған мемлекетаралық шарттың символдық мәні зор. Өйткені бұл қазақ-орыс байланыстарының келешегіне жол ашады. Елдеріміз арасындағы тату көршілік және одақтастық қатынастарға негізделген ынтымақтастықтың тарихы бай және болашағы жарқын деп бағалаймын.
Ресей Президентімен Астанада өтетін алдағы кездесудің күн тәртібі өте ауқымды. Біз екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқылаймыз деп жоспарлап отырмыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы байланыстардың аспектілерін де қарастырамыз. Әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасамыз".
Сонымен қатар, Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысамыз, деді Президент.