ҚР Үкіметінде моноқалалардың проблемаларын шешудің жаңа тәсілдері бекітілді

507
ҚР Үкіметінде моноқалалардың проблемаларын шешудің жаңа тәсілдері бекітілді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қазіргі уақытта республикада 27 моноқала бар екенін баяндады. 1,4 млн адам тұратын қалаларда 32 қала құраушы кәсіпорын жұмыс істейді. 2015 жылдан 2021 жылға дейін аталған елді мекендерде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,3-тен 11,2 трлн теңгеге дейін өсті, бұл ел бойынша жалпы көрсеткіштің 29%-ы.

Бүгінгі таңда 2,1 трлн теңгеге 86 «зәкірлі» жобаның пулы қалыптастырылды. Бұл жобалар моноқалаларда тау-кен металлургия және химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, машина жасау және т. б. салаларда 18 мыңнан астам жұмыс орнын ашты.

Жалпы оларды одан әрі дамыту үшін тұрғын үй қоры мен инженерлік инфрақұрылым объектілеріне күрделі жөндеу жүргізуге бюджеттен бөлінетін қаражаттың жыл сайынғы лимитін ұлғайту, елді мекендердің әлеуметтік маңызы бар проблемаларын шешу бойынша мастер-жоспарлар әзірлеу, сондай-ақ жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жұмысты жандандыру ұсынылады.

Бұл тәсілдер қолдау тапты. Осы орайда Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы бекіткен даму бағдарламаларын орындау кезінде ведомствоаралық үйлестіруді күшейту, сондай-ақ өңірлік экономиканы әртараптандыру және азаматтарды жұмыспен қамту үшін келешегі бар «зәкірлі» жобалардың тізбесін өзектендіру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар отырыста теміржол машинасын жасау және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы өзекті мәселелер қаралды.