БҚО мәслихатының депутаты коронавирус пневмониясынан қайтыс болды
Оралда 74 жасқа қараған шағында облыстық мәслихат депутаты Қатауолла Ашығалиев қайтыс болды. Денсаулық сақтау басқармасы оның 23 сәуір күні өмірден өткенін мәлім етті.
Ақ халаттылар депутаттың 9 сәуір күні ауырып қалғанын айтады. Ол бастапқыда үйінде өздігінше емделген.
Ал 12 сәуір күні коронавирусқа тексеріліп, нәтижесі оң болып шыққан. Дәрігерлер оның өкпесі 25 пайызға зақымдағанын анықтап, ауруханаға жатқызған.
"Қатауолла Ашығалиев ковидті пневмониямен ауырды. Соңғы төрт күнде ол облыстық көпсалалы аурухананың жансақтау бөлімінде жатты. Науқастың басқа да қосалқы аурулары болды. Оған тиісті ем шаралары жасалғанымен, тыныс алу жеткіліксіздігі арта берді. Қайғылы жағдайға сол себеп болды", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
"Акас" шаруа қожалығының басшысы соңғы үш шақырылымда БҚО мәслихатының депутаты болған. Қатауолла Ашығалиев экономика мен қоғамдық өмір мәселесін көтеріп, сессия жұмысына белсене қатысқан.
"1995 жылы Қатауолла Ашығалиев агорхолдинг құрған. Ол небәрі төрт адам жұмыс істеген кішігірім шаруа қожалығынан бастаған. Қызметінің негізгі түрлері мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, өсімдік және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу болды. Қожалық асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен айналысады. Жылына 65 млн жұмыртқа өндіретін құс фабрикасын қайта құру жұмыстары жүріп жатыр", - дейді "Акас" агрохолдингінен.
Айтта кетейік, 2018 жылы Қатауолла Ашығалиев Орал қаласының Құрметті азаматы атанған..