"Жаңа елбасы жасаудың қажеті жоқ" - Тоқаев

212

Фото: Ақорда пресс"Қазақстан суперпрезиденттік жүйеден кетіп, парламенті күшейеді", "президенттің жақын туыстары саяси қызметке жіберілмейді", "бейбіт жиындар туралы заң бұдан әрі жеңілдемейді". Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті жолдауында осындай пікірлер айтып, "әлеуметтік-саяси реформалар пакетін" ұсынды. Азаттық саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттен президенттің бастамалары туралы сұрады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Президент Тоқаев халыққа жолдауын, ресми дерек бойынша, кемінде 238 адам қаза тапқан қаңтардағы дүрбелеңнен соң кезектен тыс жасап отыр. Ол жолдауды әдетте жыл сайын қыркүйектің 1-іне жасайтын. "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" атты баяндамасын оқып тұрған Тоқаевтың сөзін депутаттар мен жоғары лауазымды шенеуніктер қол соғып бөле берді. Тікелей эфирден көрсетілген үндеу кезінде залда маужырап отырғандар да жиі ұшырасты.
Парламенттің қос палатасының бірлескен жиынында сөйлеген президент бейбіт наразылықпен басталып, дүрбелеңге ұласқан қаңтар оқиғасы кезінде "төңкеріс жасауға талпынғандар арасында белгілі адамдар болғанын" айтты. Бірақ ешкімнің атын атамады. Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев әскерге "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген. Бұл шешімді халықаралық құқық қорғау ұйымдары "тым қатаң шара" деп бағалады. Кейін оққа ұшқандар арасында балалар мен дүрбелеңге қатыспағандар да бары анықталды. Билік опат болғандар тізімін әлі жарияламай отыр. Жолдау кезінде Тоқаев "лаңкестер билікке күйе жағу үшін" бейбіт халыққа "оқ атқанын" айтты.
"Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғасының туындауына басты себеп болғаны бүкіл қоғамға мәлім" деген ол жолдауында "саяси реформалар" ұсынды.
Тоқаев Қазақстанды суперпрезиденттік басқару жүйесінен "парламенті мықты президенттік жүйеге" көшірмек; мәжіліс депутаттары пропорционал-мажоритар жүйе бойынша жасақтала бастайды; президент пен орталық билік органдары басшыларының саяси партия мүшелігін тоқтайды. Бұл ұсыныстың қашаннан бастап іске асары беймәлім. Өзгерістер қабылдаған соң парламент сайлауы қайта өте ме, жоқ па — белгісіз. Жолдауда бұл туралы айтылмады.
Тоқаевтың "саяси реформалары" парламентті шынымен күшейте ме? Партия тіркеу бойынша талаптың өзгеруі саяси бәсеке тудыра ала ма? Тоқаевтың бейбіт жиындар заңы туралы айтқаны нені білдіреді? Азаттық осы және өзге де сауалдарды саясаттанушы Шалқар Нұрсейітке қойды.

ТОҚАЕВ ЕНДІ "СУПЕРПРЕЗИДЕНТ" БОЛМАЙ МА?

Азаттық: Шалқар мырза, Тоқаев жолдауынан бір күн бұрын Facebook-тағы парақшаңызда президент қандай өзгеріс енгізуі мүмкін екенін болжап көрдіңіз. Тоқаевтың билік партиясынан кететіні, парламенттің 70 пайызын — пропорционал, 30 пайызын мажоритар әдіспен жасақтау, партия құруға міндетті мүшелер санын 5 мыңға дейін азайту сияқты бірнеше болжамыңыз тура келді. Бұл "саяси реформа" соншалық айқын нәрсе ме еді?
Шалқар Нұрсейіт: Бұған дейін төрт саяси реформалар пакеті қабылданды. Оның бәрі косметикалық өзгеріс екенін саясаттанушылар мен қоғам белсенділері айтып жүр. Ал бүгін айтқан мәлімдемелері алғашқы төрт пакеттің жалғасы деуге болады. Тоқаев бұдан артық реформалар қабылдай алмайды. Мұны Тоқаевтың өзі қаңтар оқиғасынан кейінгі түбегейлі реформа деп бағалайтын шығар. Тоқаевтың саяси қадамдарын ескеріп, бағалайтын болсақ, бұл президент әкімшілігінің масштабы үшін олардың санасында "реформа" болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз айтылған сөздердің детальдарына назар аударуымыз керек...
Азаттық: Тоқаевтың "президент ешқандай партияға мүше болмайды", ал "жақын туыстары заң жүзінде саяси қызметке тағайындалмайды" дегенін оң қабылдап жатқандар бар. Мұның артында не тұр, мысалы?
Шалқар Нұрсейіт: Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаевқа көпшіліктің көңілінен шығатын, жұртқа ұнайтын бастамалар көтеру өте маңызды болып тұр. Сол үшін де "Конституцияға осындай арнайы шектеуді бекітейік" деуі шынайы әрекеттен гөрі популистік шараға ұқсайды. Адекват қоғамда, дұрыс құндылық ұстанатын елде мұндай нәрселер заң жүзінде емес, этика, мораль тұрғысында өздігінен болуы керек дүниелер. Президент отбасының мүшелері мемлекеттік не квазимемлекеттік мекемелерде жұмыс істемегенімен, президентке жақындығының арқасында бизнесте өте табысты болуы мүмкін. Бизнеспен айналысуға, мысалы, ешқандай шектеу жоқ. Бұл авторитарлық режимнің табиғатын өзгертпейді. Сылап-сипап қоятын, косметикалық өзгерістер.
Азаттық: Тоқаев Қазақстанның "суперпрезиденттік жүйеден арылатынын" айтты. Бұл әңгіме бұрын болған. Назарбаев та, сенатор кезінде Тоқаев та осындай әңгіме айтып еді. Қазақстан ақыры "суперпрезиденттік жүйеден" арылатын болды ма, қалай ойлайсыз?
Шалқар Нұрсейіт: Тоқаев "суперпрезиденттік жүйеден мықты парламенті бар президенттік жүйеге көшеміз" деп әдемі айтқанымен, іс жүзінде өзі суперпрезидент болып қалайын деп тұр. Себебі Тоқаев өзінің көп құзыретінен бас тартқан жоқ, бәрін сақтап қалды. Мысалы, "Орталық сайлау комиссиясының, есеп комитеті және Конституциялық кеңес төрағалары мен мүшелері ешқандай партияға мүше болмауы керек" деді. Бірақ бұл азаматтарды тағайындайтын — президенттің өзі. Партияға мүше болуды шектегенімен, президент ретінде бұларды тағайындатын өз құзыреттерін алып тастаған жоқ.
Тағы бір мысал, "облыс әкімдерін тағайындайтын кезде мәслихаттың ойын ескеремін" деді. Бірақ өз еркімен қалаған уақытында тағайындалған әкімдерді Тоқаев бір ғана жарлығымен қызметінен алып тастай алады. Бұл мәслихат депутаттары сайлаған әкім дегенге келмейді. Бұрын формалды түрде мәслихат келісімімен тағайындалып келді ғой, тап солай, бірақ бұл жолы екі не одан көп кандидат ұсынады, президенттің көңілінен қай кандидат көбірек шығады, мәслихат соны бекітіп беріп отырады. Сондықтан детальдарға мән беруіміз керек. Қазақстан авторитарлық, президент билігі абсолют режимдегі мемлекет болып қалғалы тұр.
Азаттық: Әкімдерді тікелей сайлау туралы талап-тілек көптен бері айтылып келеді. Тоқаев мұндай қадамға барудан неге қорқады?
Шалқар Нұрсейіт: Президенттердің басты уайымы — әкімдердің саяси қолдауынан айырылып қалу. Мысалы, Қазақстанда президент сайлауы кезінде президенттің жеңісін қамтамасыз ететін — жергілікті органдар мен облыс әкімдері. Жоғары пайызбен жеңіс алып береді, сайлау нәтижесін санаудың бақылаудан шығып кетпеуін қадағалайды, президент әкімшілігінің инструкцияларын орындайды. Ең басты міндеті — президенттің сайлануын, президент билігінің жоғарыдан төмен қарай жүріп отыруын қамтамасыз етіп, айтқанын екі етпей орындау. Президентке тәуелді әкімдер өзінің жеке карьералық мүддесінен, президенттің мүддесінен жергілікті тұрғындар мүддесін жоғары қоя алмайды. Олар тағайындалатын болған соң өзінен жоғары тұрған тұлғаға тәуелді болады.
Тоқаев бүгін мәслихат депутаттарын лауазымды тұлға ретінде қарастыруды айтып өтті. Бұл — шамалы үміт сыйлайтын нәрсе. Қазір бізде кез келген деңгейдегі мәслихаттардағы депутат лауазымы саяси-мемлекеттік емес, волонтерлік қызмет сияқты. Ешбірі жалақы алмайды. Ал жергілікті бизнесмендер мүддесін қорғап, әкімдермен жақсы қарым-қатынаста болуы үшін "мәслихат депутаты" деген атақты қолданып келді. Бұл сайланбалы қызмет болғандықтан, мұндай тәжірибені тоқтату керек те, мәслихат депутаты саяси-мемлекет қызмет болып, оған кірген азаматтарға бизнеспен айналысуға тыйым салынуы керек.

"БОЛ(МА)УЫ МҮМКІН МЫҚТЫ ПАРЛАМЕНТ" ТУРАЛЫ

Азаттық: Парламенттің 30 пайызы — мажоритар, 70 пайызы пропорционал әдіспен жасақталатын болды. Мажоритар әдіспен мандат алған парламент мүшелерінің заң шығарушы органда ықпалы күшті болады дегенге сенесіз бе?
Шалқар Нұрсейіт: 30 пайыз мажоритар жүйемен сайланатын депутаттар арасында ел алдында жүрген азаматтар болуы мүмкін. Президент әкімшілігі "Онсыз да бұл азаматтар Facebook-та, Youtube-те белсенді болып жүр. Олар парламентте отырса, бір не он шақты мандаты не шешуі мүмкін? Айтатын нәрсесін парламентте айтсын, бірақ басымдық бәрібір біздің тарапта болады. Сол себепті біздің билікке төнетін қауіп жоқ" деп санаған болуы мүмкін. Осылайша, наразылықты басқаруға болатын арнаға бұрғысы келетін шығар. Тағы бір ескеретін нәрсе — президент әкімшілігінің адамдары мажоритарлық жүйемен сайланған депутаттардың әрқайсымен келісім жүргізуге болады деп ойлайтын сияқты. Үлкен депутаттық топпен келіскенше, жеке адаммен келісімге келген оңайырақ болады. Осындай оймен, қаңтар оқиғасын ескеріп, "біз максимум бара алатын, еркіндік бере алатын деңгейіміз — осы" деп, 70/30 деген қатынасты таңдаған сияқты.
Азаттық: Сонда Тоқаев айтқан "мықты парламент" болмай ма?
Шалқар Нұрсейіт: Мықты парламент — бірнеше жылдан бері Назарбаев та, Тоқаев та айтып келе жатқан нәрсе. Бірақ мықты парламент деген сөз жүзінде ғана болып отыр. Мықты парламент құрамыз дегенімен, президент тиісті құзыреттерін бермей отыр. Үкімет мүшелерін өзі жасақтап, бәрін толықтай қызметінен алып тастай алса, міне, сонда шын мықты парламент болады. Ал бізде парламент президенттің таңдаған тұлғаларына келісім ғана береді. Ал тағайындау, қызметінен алып тастауды президент және президент әкімшілігі шешеді. Тіпті премьер-министрді де тағайындап, қызметтен алатын — президенттің өзі.
Тоқаевтың "сенат пен мәжіліс арасындағы қарым-қатынасты өзгерттік" деген сөзі әсер қалдыру үшін айтылған сияқты. "Мәжіліс заңды өзі мақұлдап, сенат тек қабылдау-қабылдамауды шешеді" деген өзгеріс енгізілгенін айтты. Бірақ бұл айтарлықтай саяси өзгерістерге алып келмейді. Онсыз да мәжіліс те, сенат та толықтай президент әкімшілігінің бақылауында. Оның үстіне дәл қазіргі жетінші шақырылымның депутаттары демократиялық өзгерістерге бастайтын заңдар қабылдайды деген мүмкін емес сияқты.
Азаттық: Президент жетінші шақырылым депутаттарының жайы не боларын анықтап айтпады. Жолдаудан бұрын кейбір сарапшылар "Тоқаев парламент сайлауы өтетінін хабарлауы мүмкін" деп болжаған. Бірақ парламентке қатысты ештеңе айтылған жоқ.
Шалқар Нұрсейіт: Қазіргі парламент осы айтылған заңдарды заң жүзінде бекітумен айналысуы мүмкін. Өйткені спикер ретінде Тоқаевтың өз адамы — Ерлан Қошанов отыр. Одан бөлек мәжілісте тоқаевшыл депутат көп. Олар президенттің айналасына топтасуға үндеп, ұсыныстарды заң жүзінде бекітуді қамтамасыз етуі мүмкін. Бірнеше депутат тіпті "Жаңа Қазақстан" деген топ құрып алды.
Алдағы уақытта парламент сайлауынан бұрын президент сайлауы өтіп кетуі мүмкін. Өйткені қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаевтың танымалдығы, халықтың қолдауы тым төмендеп кетпесе, өспегені анық. Одан бөлек Украина-Ресей соғысына байланысты Мәскеуге салынған санкциялар әсерінен Қазақстанға келетін экономикалық зардап артып жатыр, оған дейін де пандемия әсерінен бізде кедейлер көбейді, өсіп келе жатқан инфляция бар. Осының бәрі президенттің рейтингіне кері әсер етеді. Осы жағдайды ескертіп, Тоқаев осы жолдауда айтылған бастамаларды 2024 жылға жеткізбей алдағы президент сайлауында платформасы ретінде пайдаланады деп ойлаймын.

"ДЕМОКРАТИЯ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК ДЕҢГЕЙІ"

Азаттық: Партия құру ережесі өзгеретін болды. Міндетті мүше саны жиырма мың емес, бес мың адамға азайды. Бұл өзгеріс ұзақ жылдан бері алты-ақ партияны ресми тіркеген елдегі ахуалды өзгерте ме?
Шалқар Нұрсейіт: Бес мың адам жинау да Қазақстанның қазіргі саяси жағдайында оңай шаруа емес. Біз елу шақты сарапшы атынан билікке ұсыныс жариялап едік. Сол кезде "міндетті адамдар саны үш мың болсын" деп көрсеттік. Өйткені қазір бізде азаматтар саясатқа бей-жай қарайды. "Нұр Отанға" ғана дауыс беріп үйренген азаматтар жаңадан құрылған басқа партиялардың бастамаларына қорқынышпен, күмәнмен қарауы да мүмкін.
Оның үстіне заң жүзіндегі кедергіден бөлек күнделікті өмірде кездесетін кедергілер бар. Жергілікті әділет басқармаларының тіркемей қоюы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті белсенділерді қайта-қайта тексеріп, базасына алуы дегендей... Сондықтан "жиырма мыңды бес мыңға түсірген соң Қазақстанда жаңадан партиялар тіркеледі, олар мәжілісте бәсекеге түседі" деу иллюзия сияқты. Иә, президент әкімшілігінің мақұлдауын алып, қолдауына ие болған партиялар пайда болатын шығар. Бірақ мұның бәрі бізде күшті парламент тез арада пайда болады дегенді білдірмейді.
Азаттық: Құқық қорғаушылар мен белсенділер үш жылдай бұрын қабылданған "Бейбіт жиындар туралы" заңды сынап келеді. Тоқаев жолдауында осы мәселеге ақырғы жауабын бергендей болды. "[Бұл заңға қатысты] бұдан әрі жеңілдетілмейді" деді. Бұл риторикасын қалай бағалайсыз?
Шалқар Нұрсейіт: Бұл Тоқаевтың қаңтар оқиғасы кезіндегі үндеуімен сай болды. Сол кезде "Біз еркіндік бергіміз келді. Еркіндік дегенді ойына келгенді істеу деп түсінетін азаматтар бар. Сол себепті қаңтар оқиғасы болды" деген мазмұнда пікір айтты. Бірақ бейбіт жиындар туралы заңның өзгеруі косметикалық өзгеріс, биліктің көзқарасын өзгерткен жоқ. Мысалы, 13 ақпанда болған [қаңтар оқиғасы құрбандарын еске алған] қаралы жиынға келген азаматтарды қамап, кейбіріне айыппұл салып жатыр.
Тоқаев әкімшілігі демократия туралы түсінігі қай деңгейде екенін көрсетіп берді. Уақытынан бұрын бөрікті аспанға атуға, "Жаңа Қазақстан" құрамыз деп, "жаңа елбасы" жасауға асықпау керек.