ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ҚОЖАБАҚЫ АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

1 508

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ҚОЖАБАҚЫ АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев жұмыс сапарымен Қазалы ауданына барып, Қожабақы ауылында бой көтерген жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов, аудан ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары, жастар, спортшылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жаңа нысанның пайдалануға берілуі – ауыл тұрғындары үшін ғана емес, жалпы өңірдегі бұқаралық спортты дамыту бағытындағы маңызды оқиға. Соңғы жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, жастарға сапалы білім мен спортқа қолжетімді жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде бүгінде шалғай ауылдардың өзінде заманауи спорт кешендері, мәдениет үйлері, мектептер мен дәрігерлік амбулаториялар бой көтеріп жатыр.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жиналған жұртшылықты жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтап, бұл нысанның ауыл тұрғындары үшін маңыздылығына тоқталды.

«Баршаңызды жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ауыл – біздің алтын бесігіміз. Ауылдағы тіршілік сапасын жақсартпай, жалпыұлттық дамуды елестету мүмкін емес» деп ерекше атап өткен болатын.

Бүгін сол мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесінің бірі – Қожабақы ауылындағы жаңа спорт кешенінің ашылуына куә болып отырмыз. Бұл нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынды. Бір күнде жүзге жуық адамды қабылдай алатын кешенде бокс, грек-рим күресі, волейбол, футбол, баскетбол және басқа да спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысуға барлық мүмкіндік жасалған.

Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, жастарды тәртіпке, еңбекқорлыққа, табандылыққа тәрбиелейтін маңызды құрал. Сондықтан мұндай кешендердің ауылдарда ашылуы – өскелең ұрпақтың жарқын болашағына салынған инвестиция деп есептеймін.

Осы спорт кешенінде талай жас талапкер шыңдалып, ауданның ғана емес, облыстың, еліміздің намысын қорғайтын чемпиондар тәрбиеленетініне сенемін. Алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобалар жалғасын табады», – деді облыс әкімі.

Жаңа кешен ауыл тұрғындарының көптен күткен нысандарының бірі болды. Бұған дейін жастардың спортпен тұрақты айналысуына арналған арнайы орындардың тапшылығы сезілсе, енді олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, дене тәрбиесімен жүйелі айналысуына және түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге толық мүмкіндік бар.

Кешен халықаралық талаптарға сай салынған. Мұнда кең әрі жарық спорт залдары, жаттығу бөлмелері, киім ауыстыратын орындар, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер, заманауи инженерлік жүйелер қарастырылған. Спорттық құрал-жабдықтардың барлығы қазіргі талаптарға сәйкес алынған.

Мамандардың айтуынша, кешен тәулігіне жүзге жуық адамды қабылдай алады. Мұнда ауыл жастары ғана емес, мектеп оқушылары, ересектер және ардагер спортшылар да дене шынықтырумен айналыса алады. Сонымен бірге балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секциялары жұмыс істейді.

Жаңа кешеннің ашылуы ауылдағы бұқаралық спорттың дамуына тың серпін береді. Бұл өз кезегінде салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, құқықбұзушылықтың алдын алуға және дарынды спортшыларды анықтап, оларды кәсіби деңгейде даярлауға ықпал етеді.

Шара барысында сөз алған еңбек ардагері Тілек Махамаш өңірде халық игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, жаңа спорт кешенінің ауыл тұрғындары үшін ерекше тарту екенін атап өтті.

– Бүгінгі күні ауылымызда осындай еңселі спорт кешенінің бой көтеруі – үлкен қуаныш. Бұл – жастардың болашағына жасалған нақты қамқорлық. Осындай игі бастамалар жалғаса берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, жастарымыз елдің мақтанышына айналсын, – деді ардагер.

Салтанатты рәсімде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар мен спорт кешенінің құрылысын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Марапат иелеріне ризашылық білдірген аймақ басшысы өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын жеткізді.

Рәсімнен кейін облыс әкімі мен қонақтар жаңа спорт кешенін аралап көрді. Нысанның материалдық-техникалық базасымен танысып, спортшыларға жасалған жағдайды бағалады. Сонымен қатар жас спортшылардың қатысуымен өткен бокс, грек-рим күресі, волейбол және басқа да спорт түрлері бойынша көрнекі көрсетілімдерді тамашалады.

Аймақ басшысы жаттықтырушылармен және ауыл жастарымен әңгімелесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жастар өз кезегінде заманауи спорт кешенінің ашылғанына қуанышты екендерін айтып, енді кәсіби деңгейде жаттығуға толық мүмкіндік туғанын жеткізді.

Қожабақы ауылындағы спорт кешені – өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан кешенді жұмыстардың бір бөлігі ғана.

Соңғы жылдары Қызылорда облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысының бастамалары мен Үкіметтің қолдауының арқасында 2022 жылдан бері өңірде екі жүзден астам әлеуметтік нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Оның ішінде 27 заманауи спорт кешені халыққа қызмет көрсетуде.

Бұл нысандар облыстың барлық ауданында салынуда. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік кеңейіп, бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны жыл сайын артып келеді.

Бүгінде облыс орталығы – Қызылорда қаласында да ірі спорттық инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – 11 мың орындық «Қайсар Арена» стадионы. Сонымен қатар заманауи «Теннис орталығы» мен Инклюзивті спорт кешені пайдалануға беріліп, қала тұрғындары мен спортшылар игілігіне қызмет етуде.

Ерекше атап өтерлігі, әлеуметтік әріптестік аясында жүзеге асқан жобалардың да үлесі зор. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Шиелі және Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері ашылып, ауыл тұрғындарының игілігіне ұсынылды.

Сонымен бірге өңір кәсіпкерлері де әлеуметтік жауапкершілік танытып келеді. Олардың демеушілігімен облыстың елді мекендерінде 80 спорт және ойын алаңы салынды. Бұл балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласында тағы екі ірі спорт нысанының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Олар – көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені мен «Қайсар» футбол клубының заманауи академиясы. Бұл жобалар іске қосылғаннан кейін өңірдегі спорттық инфрақұрылым жаңа деңгейге көтеріліп, кәсіби спортшылар даярлау жүйесі одан әрі жетілдіріледі.

Жалпы, Қызылорда облысында спорт саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат кезең-кезеңімен нәтижесін беріп келеді. Бүгінде аймақта жүздеген мың тұрғын бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысады. Жас спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ел мерейін үстем етуде.

Жаңа спорт кешендерінің ашылуы ауыл мен қала арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылықты азайтып қана қоймай, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және дарынды спортшыларды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Қожабақы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені де осы игі бастамалардың жарқын көрінісі. Бұл нысан ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыруға, ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға қызмет етеді.

Алдағы уақытта да Қызылорда облысында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа спорт нысандарын салу, жастарға қолайлы жағдай жасау және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі