«Отбасы – ұлттың тірегі» атты интеллектуалды сайыс өтті
Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен оңалту орталығында ерекше жандарға арналған қайырымдылық іс-шарасы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Отбасы – ұлттың тірегі» атты интеллектуалды сайысқа ем алушы жандар аналарымен бірге 4 команда болып қатысты.
Тартысты сайысты облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Руслан Құрманов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Орталықта ем алушы жандарға мықты денсаулық, дертіне шипа беріп, қалыпты өмір дағдыларына оралуына тілектестігін білдірді.
Сайысқа «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Р. Құрманов, мекеменің аға сарапшысы Н.Ақсақалова қазылық етті.
Үш кезеңнен құралған сайысқа қатысушылар өте жоғары дайындықпен келіп, белсенділік танытты. Бірінші «Менің отбасым-менің байлығым» кезеңінде командалар өздерін таныстырды.
Екінші «Отбасы құндылығы – ұлт болашағы» кезеңінде қатысушылар мақал-мәтелдің жалғасын тауып жарысты. Ал үшінші «Әнім сен едің» кезеңінде командалар өз өнерлерін ортаға салды. Көрермендер әсем ән тыңдап, әдемі биді тамашалады.
Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға «Қоғамдық келісім» КММ тарапынан бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Қатысушы командалар ұйымдастырушыларға зор алғысын айтып, көңілді күйде тарқасты.