ҚЫЗЫЛОРДАДА ВЕТЕРИНАРИЯ МЕКЕМЕЛЕРІНЕ 26 ЖАҢА КӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫ

2 525

Фото: Облыс әкімдігіБиыл 10 шілде – Ветеринария қызметкерлері күні алғаш рет аталып өтуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ветеринария ұйымдарына жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін табыстау рәсіміне қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.


«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында «Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді», – деген болатын. Мемлекетіміз ветеринария саласын жетілдіруге аса үлкен мән бергенінің арқасында салада серпінді жұмыстар қолға алынды.
Биыл 14 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы ветеринариялық дәрі-дәрмек облысқа жеткізіліп, төрт түлік уақытылы алдын ала егілді. Сапалы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы облысымызға аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесін берді. Бұл мал өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға оң септігін тигізеді. Облыста соңғы жылдары аса қауіпті аурулар тіркелген жоқ, эпизоотиялық тұрақтылық сақталуда. Бұл – сала мамандарының тынымсыз еңбегінің жемісі», – деді аймақ басшысы.


Рәсімде қалалық, аудандық ветеринариялық станцияларға 26 жаңа автокөліктің кілті табысталды. Қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов ветеринарларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін арнады. Үздік қызметкерлер ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің, облыс әкімінің Алғыс хатымен және сала ардагерлері Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.


Айта кетейік, өңірдің ветеринария саласында 780 маман қызмет етеді. Екі жыл бұрын олардың жалақысы 60 мың теңге болатын, жыл сайын қаңтар, шілде, желтоқсан айларында ақысыз еңбек демалысына жіберілетін.