ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНДА ЖАС ТҮЛЕКТЕРГЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ
Биылғы оқу жылы да өз мәресіне жетіп, мектеп бітіруші түлектердің алтын ұя білім ордасымен қоштасатын сәті де келіп жетті. Бұл күн – әрбір түлек үшін ерекше толқынысқа толы, өмір жолының жаңа белесіне аяқ басатын маңызды әрі есте қалатын жарқын сәттердің бірі болып саналады.
Он бір жыл бойы білім мен тәрбие алған мектеп қабырғасымен қоштасу – әрбір жас үшін үлкен жауапкершілік пен арманға толы кезең. Бүгін Қазалы ауданындағы барлық білім беру ұйымдарында мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мектептердің ауласы мерекелік безендіріліп, ұстаздар мен ата-аналардың, ардагерлердің және жергілікті билік өкілдерінің қатысуымен әсерлі кештер өтті. Әрбір мектепте түлектерге арналған концерттік бағдарламалар, құттықтау сөздер мен естелік сәттер ұйымдастырылып, жас түлектерге ерекше көңіл-күй сыйланды. Әйтеке би кентіндегі Мұстафа Матаев атындағы №170 мектепте өткен мерекелік салтанатты кешке аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысып, мектеп бітіруші жас түлектерге ақжарма тілегін білдіріп, олардың өмір жолына сәттілік тіледі. Шара барысында аудан басшысы ұстаздар қауымының еңбегін ерекше атап өтіп, білім саласындағы жетістіктерге тоқталды.
– Бүгін аймағымызда 10 мыңнан аса жас түлек, ал Қазалы ауданында 1015 түлек он бір жыл бойы білім алған алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алғалы тұр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мектеп – білім мен тәлім-тәрбиенің киелі ордасы. Өскелең ұрпақты білімпаздыққа баулу қаншалықты маңызды болса, оларға дұрыс жол көрсету, бағдар беру де соншалықты маңызды. Біз жастардың адал әрі еңбекқор болып өсуіне ерекше мән беруіміз қажет» деген болатын.
Жақында ғана Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Нұрлыбек Машбекұлы төрт жылдан астам уақыт облысымызды басқарған тұста Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауымен өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Оның ішінде жаңа заманауи 45 білім беру нысандары ел игілігіне берілді. Бұл – білім саласына жасалған үлкен қолдау мен жүйелі реформалардың нақты нәтижесі. Қазалы ауданында да «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық заманауи мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар 9 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар білім беру ұйымдары заманауи жабдықталған кабинеттермен қамтылды. Бұл жұмыстар – еліміздің кемел келешегіне салынған ең маңызды инвестиция, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.![]()
Аудан басшысы өз сөзінде ұстаздар қауымына ерекше алғыс білдіріп, олардың жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегін жоғары бағалады. Сондай-ақ, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөліне тоқталып, мектеп, ұстаз және ата-ана үштігінің бірлігі ғана сапалы білім мен саналы ұрпақ қалыптастыратынын атап өтті. Аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген барша ұстаздар қауымына Сыр жұртшылығының және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының атынан зор ризашылығымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз – ел болашағының іргетасы.
Барша жас түлектерге қанаттарыңыз талмай, бейбіт еліміздің көгінде шарықтап, ата-аналарыңыздың үмітін ақтауларыңызға тілектеспін. Әрдайым жолдарыңыз ашық болып, арман-мақсаттарыңызға жете беріңіздер. Алдағы өмір жолдарыңызда табыс пен сәттілік серік болсын, – деді аудан әкімі.
Салтанатты шара барысында мектептің ардагер ұстаздары мен ата-аналар да сөз алып, түлектерге ақ батасын беріп, ізгі тілектерін жеткізді. Ардагер ұстаздар білім ордасынан түлеп ұшқан түлектерге елге қызмет ететін, адал азамат болуға шақырды. Ата-аналар да ұстаздарға алғыстарын айтып, балаларының үлкен өмірге қадам басуына сәттілік тіледі. Шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – түлектердің мектеп алаңында вальс билеп, ән шырқауы болды. Қимастық сезімге толы сәтте оқушылар ұстаздарымен қоштасып, естелік суретке түсіп, мектеппен соңғы рет қимай қоштасты. Бұл көріністер жиналған қауымның көңіліне ерекше әсер қалдырды. Бұдан әрі салтанатты кеш аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, онда патриоттық әндер, би қойылымдары және шығармашылық нөмірлер ұсынылды. Мерекелік кеш түлектерге ерекше рух беріп, олардың жүрегінде ұмытылмас естелік болып қалды.![]()
Дәл осындай жас түлектердің мектеп бітіру кештері аудан әкімінің орынбасарлары, кент, қала және ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен барлық аудан мектептерінде ұйымдастырылды. Әрбір білім ошағында түлектерге құрмет көрсетіліп, олардың өміріндегі маңызды кезең салтанатты түрде аталып өтті. Айта кетейік, биылғы оқу жылында Қазалы ауданында 1015 түлек мектеп бітіріп отыр. Оның ішінде 943 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріп, білімдерін сынға салуда. Бұл көрсеткіш аудан жастарының жоғары білімге деген ынтасының жоғары екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, биыл аудан бойынша мектеп бітіруші түлектердің ішінде 99 оқушы «Алтын белгіге», 116 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер атанып отыр. Бұл – аудан мектептеріндегі білім сапасының артып келе жатқанын және ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесін көрсететін маңызды көрсеткіш. Жалпы, биылғы мектеп бітіру кештері аудан көлемінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып, түлектер үшін ұмытылмас сәттерге толы болды. Бұл күн – жас түлектердің балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқан ерекше кезеңі ретінде тарихта қалмақ. Алдағы уақытта да аудан көлемінде білім беру сапасын арттыру, жастарға жан-жақты қолдау көрсету және олардың сапалы білім алуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.







