Синоптиктер бүгінгі күнге ауа райы болжамын ұсынды
24 мамырға арналған ауа райы болжамын "Қазгидромет" РМК синоптиктері назарға ұсынды.
Еліміздің басым бөлігінде Батыс антициклонының әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Тек Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен шығысында атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты кей жерлерде өткінші жаңбыр жауады.
Республиканың кей жерлерінде жел күшейеді, батысы мен оңтүстігінде шаңды дауыл күтіледі, оңтүстігінде – найзағай, солтүстігінде түнгі сағаттарда – тұман болады.
Түркістан, Атырау облыстарының кей жерлерінде желдің күшеюі 15-20 м/с дейін жетіп, Түркістан облысында 23 м/с болады, шаңды дауыл күтіледі. Жамбыл, Қызылорда облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с дейін күшейеді, күндіз Жамбыл облысының тауларында – бұршақ жаууы ықтимал, Қызылорда облысында шаңды дауыл күтіледі.
Қарағанды, Шығыс Қазақстан, күндіз Батыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде желдің күшеюі 15-20 м/с дейін жетеді деп күтіледі.
Күндіз Алматы облысының тауларында желдің күшеюі 15-20 м/с болады деп күтіледі. Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде түнде және таңертең тұман болуы ықтимал.
Күндіз Маңғыстау, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, кей жерлерде Қарағанды облыстарында аптап ыстық күтіледі.
Қызылорда облысының басым бөлігінде, Шығыс Қазақстан облысының кей жерлерінде, Алматы, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Атырау, Жамбыл облыстарының жекелеген аудандарында өте жоғары өрт қаупі күтіледі