Қызылордада бірыңғай цифрлық платформа енгізу мәселесі қаралды
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірыңғай цифрлық платформаны енгізу мәселесіне арналған кеңейтілген мәжіліс өткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мәжіліске салалық басқарма басшылары, мекеме директорлары, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлар және тиісті мамандар қатысты.
Министр өңірдегі атқарылған жұмыстарды тыңдап, әлеуметтік қолдау шараларының бизнес-процестерін цифрландыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын бөлудің жаңа моделін жан-жақты талқылады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов өз сөзінде Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын маңызды міндеттердің бірі — әлеуметтік көмекті нақты әрі шын мұқтаж азаматтарға бағыттау және осал топтарға бөлінетін әлеуметтік қолдауды біріңғай цифрлық платформа арқылы жүйелеу екенін атап өтті.
Ол әлеуметтік салаға бөлінген қаржыны былайша бөлді: білім саласына – ең үлкен үлес, әлеуметтік көмек пен қамсыздандыруға – 53,6 млрд теңге, мәдениет пен спортқа – 52,9 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына – 35,8 млрд теңге.
Сонымен қатар, енді отбасының әл-ауқат деңгейі 23 әлеуметтік-демографиялық және экономикалық критерийлерге сәйкес анықталатын болады. Қосымша қолдау сұраған отбасылар алты санатқа жіктеліп, шешімдер олардың цифрлық картасындағы объективті мәліметтер негізінде автоматты түрде қабылданады.
Бұл жаңашылдық мемлекеттік қолдауды дәл әрі әділ бағыттауға, ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.