АРАЛДАҒЫ ТЕНДЕРЛЕР ХАЛЫҚТЫҢ МҰҚТАЖЫН НЕГЕ ШЕШПЕЙ ОТЫР?
Жөндеу көрмеген жолдан мезі болған Арал жұрты бүгінде шенеуніктердің уәдесіне сенуден қалған. Әр жауын сайын батпаққа батып, әр дауыл сайын шаң жұтқан халық үшін бұл мәселе тұрмыстық қиындықтан әлдеқашан асып кеткен, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Тұрғындар жыл сайын бір көрініске куә, қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан жолдардың жағдайы жақсарудың орнына, кері тартып мүшкіл күйге түсіп жатыр. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметтерге көз жүгіртсеңіз, бәрі талапқа сай көрінеді. Қаржы қарастырылған, жоспар бекітілген, мердігерлер анықталған. Бір лот бойынша 37 миллион теңгеден астам, енді бірінде 42 миллион теңгеге жуық қаражат қарапайым «күтіп ұстауға» деп бөлінген. Бұл тек ағымдағы жылдың басында бөлінеген ақша. Бұған дейін бөлінген қаржы мен кейін тағы бөлінетін қаржы қаншама? Сонда тек «күтіп ұстауға» деп қыруар қаржы бөліп отыра бере ма? Мақұл, бөлінсе бөлінсін, бірақ ол қаржыдан көзге көрінетін жұмыстар атқарылмаса не пайда?
Халық күнде көріп жүрген шынайы көрініс мүлде басқа. Арал көшелеріндегі ойылып қалған шұңқырлар, үгітілген асфальт, жаңбырдан кейін батпаққа, жазда ақ шаңға айналатын жолдар ресми есептердегі «атқарылған жұмыстармен» қабыспайтын ащы шындық. Кей көшелерде көлік жүргізу емес, көлікті аман алып өту басты мәселеге айналған. Тіпті жаңадан жамалған жолдардың өзі көп ұзамай қайта қопарылып, сапасыз жұмыстың белгісін анық аңғартады.
Осындай сорақы жағдайға қарап, халық арасында түрлі күмәннің тууы да заңды. Себебі жыл сайын миллиондар бөлінеді, тендерлер өтеді, есеп жабылады, ал нәтиже сол баяғы шұрық-тесік жол. Мұндайда жұрт “сапасыз жұмыстарға неге ешкім тоқтау салмайды?”, “неге жауаптылар үнсіз?”, “әлде біреулерге осы жүйенің жалғаса бергені тиімді ме?” деген ауыр сауалдарды ашық қоя бастады.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жарияланған тендерлер мен бөлінген қомақты қаржылардан хабарсыз деу қиын. Бірақ жол мәселесінің жылдан-жылға ушығып бара жатқанына қарағанда, бұл жағдай не бақылаудың әлсіздігін, не жауапкершіліктің жетіспейтінін аңғартады. Ал халық болса, үнсіздіктің артында не тұрғанын өз бетінше топшылай бастады. Егер жыл сайын миллиондаған теңге бөлініп, бірақ нәтиже өзгермесе, онда бұл кездейсоқ олқылық емес, жүйелі мәселеге айналғанының белгісі. Аралдың жолы бүгінде жауапкершіліктің тозғанын көрсетіп тұрғандай. Себебі сапасыз жұмысқа нақты жауап беретін ешкім көрінбейді. Миллиондар игеріледі, ал халық сол баяғы шұңқырды айналып өтумен келеді.
Жолдың сапасыздығы тұрғындардың тұрмысына тікелей әсер етеді. Көліктің жиі бұзылуы, уақыт жоғалту, артық шығын, жүйкенің жұқаруы. Мұның бәрі әлеуметтік наразылықты күшейтпей қоймайды. Әсіресе шалғай өңір үшін сапалы жол жай ғана инфрақұрылым емес, қалыпты өмірдің негізгі көрсеткіші.
Аралдағы ахуал бүгінде бір ауданның ғана мәселесі емес, бұл – тұтас басқару жүйесінің көрінісі. Себебі халық енді құрғақ уәде мен әдемі есепке сенбейді. Жұртқа баннер мен баяндама емес, нақты нәтиже керек. Егер бөлінген қыруар қаржы құмға сіңген судай жоғалып, жолдар жылдан-жылға тозып бара жатса, онда мәселе – жүйенің өзінде. Жауапкершілік болмайынша, сапа болмайды. Ал сапа жоқ жерде халықтың сенімі де қалмайды.







