Қазақстан банктері жүздеген миллиард теңге табыс тапты

2 502

Коллаж: ©Kazinform/ Canva2026 жылғы 1-ші сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында екінші деңгейдегі 23 банк бар, оның ішінде 15 банк шетелдік қатысумен, оның ішінде 10 еншілес банк,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, наурыз айында банк секторының активтері 0,7%-ға өсіп, 70,5 трлн теңгеге жетті. Негізгі өсім несие портфелінің 43,4 трлн теңгеге дейін ұлғаюымен байланысты. Жыл басынан бері активтер 0,3%-ға төмендеген. Экономикаға берілген кредиттер көлемі де артқан. Наурызда бұл көрсеткіш 0,5%-ға өсіп, 40,3 трлн теңгені құрады. Өсім негізінен халыққа берілген қарыздардың есебінен қамтамасыз етілген. Мәселен, тұтынушылық несиелер 16,9 трлн теңгеге, ал ипотекалық қарыздар 7,1 трлн теңгеге жеткен. Бизнеске берілетін кредиттер де біршама өскенімен, өсім баяу. Шағын және орта бизнеске (ШОБ) берілген қарыздар 7,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ірі бизнеске берілетін кредиттер керісінше 4,7 трлн теңгеге дейін қысқартылған. Наурыз айында банктер 3,2 трлн теңгеге жаңа несие берген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,2%-ға көп. Оның ішінде бизнеске берілген жаңа қарыздар 23,4%-ға артқан.

Резиденттердің банктердегі салымдары 46,6 трлн теңгеге жетіп, бір айда 1%-ға ұлғайды. Бұл ретте теңгедегі депозиттер көбейіп, ал шетел валютасындағы салымдар азайған. Соның нәтижесінде долларлану деңгейі 19,9%-ға дейін төмендеді.Банк секторының тұрақтылығы жоғары деңгейде сақталып отыр. Өтімді активтер 19,7 трлн теңгені немесе жалпы активтердің 27,9%-ын құрайды. Капитал жеткіліктілігі де нормативтерден әлдеқайда жоғары.Банктердің табыстылығы төмендеген. 2026 жылғы наурыз қорытындысы бойынша таза пайда 592 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10,8%-ға азайған.