Қазақстанда тәтті сусындарға салық енгізу мәселесі көтеріліп жатыр
Қазақстанда құрамында қанты бар сусындарға акциз енгізу жоспарланып отыр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Денсаулық сақтау министрлігінің пікірінше, бұл шара балалар арасындағы семіздік пен қант диабетінің таралуын азайтуға көмектеседі.
Денсаулық сақтау министрлігі 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарының жобасын жариялаған. Құжатта халық денсаулығын жақсартуға бағытталған бірқатар шара қарастырылған.
Министрлік мәліметінше, жоспар жүрек-қан тамырлары аурулары, онкологиялық дерттер, созылмалы тыныс алу жүйесі аурулары мен қант диабетінен болатын мерзімінен бұрын өлім-жітім қаупін төмендетуге бағытталған. Сонымен қатар балалар арасындағы семіздіктің алдын алуға ерекше назар аударылған.
Осы мақсатта құрамында қант бар сусындарға акциз енгізу ұсынылып отыр. Қазір Қазақстанда жанама салық тек алкоголь мен темекі өнімдеріне салынады. Болашақта бұл тізімге газдалған және өзге де тәтті сусындар қосылуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін де тәтті сусындарға акциз енгізу мәселесі көтерілген еді. Алайда кейін бұл бастамадан бас тартылған.
Сонымен қатар халық денсаулығын жақсарту аясында құрамында қант, тұз, қаныққан майлар мен трансмайлар мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасын әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында шектеу жоспарланып отыр.
Тәтті сусындарға салынатын салық әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады. Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, мұндай акциз әлемнің 117 елінде енгізілген. Қазақстанда оны кезең-кезеңімен енгізу ұсынылып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, қант тұтыну деңгейін төмендетуде өнімнің бағасына емес, құрамындағы қант мөлшеріне негізделіп есептелетін “ақылды салық” тиімдірек болады. Мұндай жүйе қолданылатын елдерде сусындардағы қант көлемін азайтуға оң әсер еткені байқалған.







