Мұнай экспортында әзірге мәселе жоқ, қымбаттағаны бізге жақсы – министр

280
Энергетика министрі Болат Ақшолақов мұнай экспорты штаттық режимде жүзеге асырылып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

АҚШ президенті Джо Байден Ресейден мұнай импорттауға тыйым салған кезде әлемде мұнай бағасы шарықтап шыға келді. Баррелі 130 доллардан асты. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, бұл баға Қазақстанға оң әсер етеді.

«Мұнай экспортты штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Егер біз мұнайдан көп табыс таба алсақ, нәтиже оң болады. Салық көп түседі», - деді Ақшолақов. Дегенмен ол «әрқашан қатер болатынын» айтады.

Айта кетейік, сала сарапшылары Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы мұнай экспорттау қиындауы мүмкін екенін болжайды. Себебі бұл желі «санкциялардың астында қалған» Ресей аумағы арқылы өтеді әрі Қара теңізде де ресейлік «Новороссийск» деген портта танкерлерге тиеледі, содан кейін барып Еуроодақ елдеріне жөнелтіледі.