Қазалы ауданында міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту және көлеңкелі экономиканы төмендету мәселелері талқыланды
Қазалы ауданында аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзекті мәселелер қаралды. Жиында міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту, көлеңкелі экономиканы төмендету шаралары және басқа да маңызды бағыттар талқыланып, тиісті сала басшылары мен кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аудан басшысы сөзінде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінің жаңғыртылуы Қазақстандағы денсаулық сақтау саласын жетілдіруге бағытталған маңызды реформалардың бірі екенін атап өтті. Ол жүйе азаматтарға сапалы, қолжетімді медициналық көмек алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететінін айтты. Осыған орай, Алмасбек Әбілқасымұлы кент және ауылдық округ әкімдеріне аудандық ауруханамен бірлесе отырып, сақтандырылмаған тұлғалармен жеке жұмыс жүргізу, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және азаматтарды міндетті медициналық сақтандыруға тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл бағыттағы шаралар тұрғындардың денсаулығын сақтау мен медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттыруға бағытталған.
Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші маңызды мәселе – көлеңкелі экономиканы төмендету шаралары болды. Аудан әкімі тиісті сала басшылары мен кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне кәсіпкерлер мен шаруашылық субъектілерін заңды түрде тіркеу, онлайн бақылау-кассалық аппараттарын орнату, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың алдын алу мақсатында нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындар арасында ресми еңбек қатынастарын қалыптастырудың маңыздылығы мен заңсыз жұмыспен қамтудың экономикалық және әлеуметтік салдары туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігі ескертілді.
Аудан әкімі атап өткендей, мәжілістегі қозғалған екі мәселе – тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды бағыттар болып табылады. Осыған байланысты барлық жауаптыларға жиында берілген тапсырмаларды уақытылы, тиянақты және сапалы орындауды қамтамасыз ету міндеттелді. Алмасбек Әбілқасымұлы әрбір сала бойынша атқарылатын жұмыстардың нәтижелілігін бақылауды жеке қадағалайтынын атап өтті.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімдігі медициналық қызмет сапасын арттыру, тұрғындарды әлеуметтік сақтандыруға тарту, сондай-ақ экономикалық қатынастардың ашық әрі заңды болуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар жүргізілетінін жариялады. Бұл бағыттар тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, аудандағы экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және заңды кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған стратегиялық маңызды іс-шаралар болып саналады.







