Мәжіліс депутаттары Шиеліде инфрақұрылымдық нысандарды аралады

2 245

Фото: Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметіҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов және Жарқынбек Амантай жұмыс сапарымен Шиелі ауданына келді. Сапар барысында халық қалаулыларымен бірге аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, сондай-ақ бірқатар бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері де болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаттарының сапарының негізгі мақсаты – ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуын зерделеу, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, өзекті мәселелерін тыңдау болды.

Алдымен халық қалаулылары күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енген №219 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептін жұмысымен танысты.

Жылдар бойы мыңдаған түлекке сапалы білім мен тәрбие берген бұл білім ордасы соңғы уақытта ғимараттың ескіруіне байланысты күрделі жөндеуді қажет етті. Осыған орай биыл мектепті толық жаңғырту үшін 363 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылды.

Жөндеу жұмыстарын «СК и Монтаж-Строй» ЖШС компаниясы жүзеге асырды. Нәтижесінде мектептің ішкі және сыртқы келбеті түбегейлі жаңарып, оқу кабинеттері, зертханалар және пәндік сыныптар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Бүгінде бұл мектеп ауданның үздік білім ордаларының бірі саналады. Депутаттар ұстаздармен кездесіп, білім беру сапасын арттыру мен мұғалім мәртебесін көтеру бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңыздылығын атап өтті.

Келесі кезекте, мәжіліс депутаттары Ортақшыл ауылдық округіне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.

Бұл ауыл еліміздегі тары өндірудің негізгі орталығы ретінде белгілі. Халықтың шамамен 90 пайызы тары өсірумен айналысады. Ортақшылдық диқандардың еңбегімен өндірілген өнім бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп, аудан экономикасына елеулі үлес қосып отыр.

Кездесуде ауыл шаруашылығын қолдау, өнімді өткізу нарығын кеңейту және ауыл инфрақұрылымын жақсарту мәселелері талқыланды.

Сапардың соңында,халық қалаулылары Ақтоған ауылдық округіндегі халық игілігіне берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды.

Аталған нысан «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынған. Заманауи талаптарға сай салынған кешен ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мұнда спорттың әртүрлі түрлерімен айналысуға жағдай жасалған — волейбол, баскетбол, күрес және басқа да спорт секциялары тұрақты түрде жұмыс істейді.

Депутаттар ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын жоғары бағалап, бұқаралық спортты дамыту — елдің болашағына салынған инвестиция екенін атап өтті.

Осындай жұмыс сапарлары арқылы халық қалаулылары елдің түкпір-түкпіріндегі тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, жергілікті проблемаларды Парламент деңгейінде көтеруді мақсат тұтады.