Қызылорда облысында қылмыс деңгейі төмендеді

1 534

Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіЖыл басынан бері Қызылорда облысында қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 1,3 пайызға азайған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Қоғамдық тәртіп пен ахуал тұрақты

Серік Әбдімәуленұлының айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақты, ал жалпы қылмыстың негізгі түрлері бойынша ашылу көрсеткіші өсімге ие болған.

«Өткен жылмен салыстырғанда биыл қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын құқық бұзушылықтар саны азайды. Бұл – тұрғындармен және жастармен жүйелі алдын алу жұмыстарының нәтижесі», – деді ол.

Алдын алу шаралары мен рейдтер

Биыл жыл басынан бері жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында тоғыз мыңнан астам кездесу өткізілген.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін облыс аумағында күнделікті «Түнгі қала» және «Квадрат» атты рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жаяу полиция нарядтарының саны арттырылып, криминогендік ахуалы жоғары аймақтарда жедел шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.

Ұрлыққа қарсы іс-қимыл нәтижелері

«2024–2026 жылдарға арналған ұрлықтарға қарсы іс-қимыл» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар оң нәтиже берді.

Нәтижесінде, бөтеннің мүлкін ұрлау фактілері 50,5 пайызға азайып, ал олардың ашылуы 9,6 пайызға жақсарды.

Сонымен қатар, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында мал ұрлығымен айналысқан 5 қылмыстық топ анықталып, олардың 25 дерек бойынша заңсыз әрекеттері әшкереленді.

Мал ұрлығының алдын алу мақсатында тұрақты рейдтер ұйымдастырылып, қараусыз жүрген мал иелеріне қатысты 851 әкімшілік шара қолданылды.

Ветеринария қызметкерлерімен бірлесе жүргізілген тексеріс нәтижесінде 364 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның 279-ы мал мен ет өнімдерін заңсыз тасымалдау деректері болған.

Киберқылмыс пен есірткіге қарсы іс-қимыл

Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күресті күшейтті. Биылғы жылы 5 000-нан астам алаяқтық белгілері бар сайттар мен сілтемелер анықталып, бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне енгізілді.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласында да нақты нәтижелер бар – 237 құқық бұзушылық фактісі тіркелген.

Жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері де жүйелі түрде бақылауда. Есепті мерзімде 236 мыңға жуық жол ережесін бұзу жағдайы анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қабылданған.

Қызылорда облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.