ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ - ҚОҒАМНЫҢ БЕРІК ТІРЕГІ АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ

1 508

Қызылорда қаласындағы Достық үйінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің кезекті көшпелі баспасөз конференциясы өтті. «15 мамыр – Халықаралық отбасы күні» тақырыбына арналған жиында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов өңірде отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастар тәрбиесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады.

Баспасөз конференциясына зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйым мүшелері, жастар ұйымдарының жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Жиын барысында отбасы құндылықтарын сақтау, жас ұрпақ тәрбиесі, ана мен баланы қорғау, әлеуметтік қолдау шаралары және өңірдегі жаңа әлеуметтік жобалар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Спикер Руслан Мұхамедәліұлының айтуынша, 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні болып бекітілген. Бұл дата әлем елдерінің назарын отбасы құндылықтарына аударып, қоғамдағы отбасының рөлін күшейтуге бағытталған маңызды күндердің бірі саналады. Осыған сәйкес Қызылорда облысында жыл сайын отбасы институтын қолдауға бағытталған ауқымды мәдени-танымдық, тәрбиелік және әлеуметтік іс-шаралар өткізіліп келеді. Биыл да өңірде Халықаралық отбасы күні аясында 700-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың қатарында мәдени кештер, отбасылық форумдар, жастармен кездесулер, спорттық жарыстар, қайырымдылық акциялары, психологиялық тренингтер, танымдық кездесулер және тәрбиелік жобалар бар. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – қоғамда отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайту, жастардың жауапкершілігін арттыру және ұлттық тәрбиені насихаттау.

«Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып, оны қасиетті ұғым ретінде бағалаған. Қазақ қоғамында отбасы – тәрбие мен өнегенің, бірлік пен ынтымақтың алтын діңгегі. Сондықтан отбасы институтын нығайту – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Өңірде отбасы құндылықтарын дәріптеуге, жастардың сапалы тәрбие алуына ерекше көңіл бөлінуде», – деді Руслан Каюпов.

Баспасөз конференциясында отбасы мен бала тәрбиесіне қатысты жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы да кеңінен айтылды. Атап айтқанда, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету, әлеуметтік көмекті күшейту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасы мүшелерінің психологиялық ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар өңірде «Отбасы ағашы» акциясы ұйымдастырылып, жастарға ата-тегін тану, отбасылық тарихты білу және ұрпақтар сабақтастығын сақтау идеясы насихатталуда. Бұл жоба жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, отбасы бірлігін нығайтуға ықпал етеді.

Жиында «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық байқауы туралы да кеңінен сөз болды. Руслан Мұхамедәліұлының айтуынша, 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба биыл 13-рет өткізілмек. Осы уақыт ішінде облыстан 3000-нан астам отбасы байқауға қатысып, өздерінің өнегелі өмір салтын, ұлттық құндылықтарға адалдығын және қоғамдық белсенділігін көрсетті. Өткен жылы облыстың барлық елді мекенінен 231 отбасы конкурсқа өтінім берген. Биыл байқауға құжат қабылдау 15 мамыр мен 15 маусым аралығында жүргізіледі. Спикердің айтуынша, бұл жоба қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтуда ерекше маңызға ие. Себебі өнегелі отбасыларды насихаттау арқылы жастарға үлгі көрсету, қоғамда жауапкершілік пен сыйластық мәдениетін қалыптастыру көзделеді.

«Мерейлі отбасы» – отбасы құндылықтарын дәріптейтін бірегей жоба. Байқау арқылы еңбекқорлықты, ауызбіршілікті, үлкенге құрмет пен кішіге ізет сияқты ұлттық құндылықтарды насихаттаймыз. Биыл да жерлестеріміз республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетеді деп сенеміз», – деді басқарма басшысы.

Баспасөз конференциясында ана мен баланы қорғау, көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстарға да ерекше тоқталды. Қазіргі таңда Қызылорда облысында 17 мыңнан астам «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері бар. Сонымен қатар өңірде 48 мың көпбалалы отбасы тұрады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау көлемі жыл сайын артып, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер кезең-кезеңімен көбейтілуде. Спикердің айтуынша, аймақта жастардың сапалы білім алып, кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасау мәселесіне де басымдық беріліп отыр. Осы бағытта биыл наурыз айында Қызылорда қаласында еліміздегі алғашқы «Құзыреттілік орталығы» пайдалануға берілген. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл нысан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен бизнес өкілдерінің ортақ тәжірибе алаңына айналмақ. Мұнда халықаралық кәсіби жарыстарға мамандар даярлау, жастардың біліктілігін арттыру және еңбек нарығына қажетті мамандарды дайындау жұмыстары жүргізіледі. Жиында балалар мен жастарға арналған жаңа әлеуметтік нысандар туралы да ақпарат берілді. Атап айтқанда, ертең Президент саябағы аумағында 300 орындық балалар тынығу лагері ашылады. Заманауи лагерьде балалардың демалысына және жан-жақты дамуына барлық жағдай қарастырылған. Мұнда спорт кешені, бассейн, амфитеатр, ойын алаңдары мен ұлттық үлгідегі киіз үйлер орналасады. Бұл жоба балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға және олардың шығармашылық, спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар өңірде Ботаникалық білім беру орталығының құрылысы жүргізілуде. Жаңа орталық балалар мен жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатты қорғау бағытындағы білімін арттыруға мүмкіндік береді. Мұнда оқушыларға арналған тәжірибелік сабақтар, зертханалық жұмыстар және экологиялық жобалар ұйымдастырылмақ. Баспасөз конференциясында облыстағы ірі спорттық жобалардың бірі – «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы туралы да айтылды. Қазіргі таңда нысан құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа кешенде халықаралық стандарттарға сай олимпиадалық бассейн, 2500 орындық спорт залы және түрлі форумдар мен мәдени-көпшілік шаралар өткізуге арналған конференция залы болады. Нысанды осы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Спикердің айтуынша, мұндай әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, жастардың жан-жақты дамуына және отбасы институтын нығайтуға бағытталған. Әсіресе, балалар мен жастарға арналған білім, спорт және мәдениет нысандарының көбеюі қоғамның болашағына жасалған маңызды инвестиция болып саналады. Жиын соңында Руслан Каюпов отбасы – қоғамның негізгі тірегі екенін атап өтіп, әрбір азаматты отбасы құндылықтарын құрметтеуге шақырды. Оның айтуынша, берік отбасы – тұрақты қоғамның негізі. Сондықтан мемлекет пен қоғам бірлесе отырып, отбасы институтын нығайтуға бағытталған жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра береді. 

Өңірлік коммуникациялар қызметі.