ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА КЕҢЕС ОТЫРЫСЫНДА ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев жүргізді. Отырысқа партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, кеңес мүшелері, сондай-ақ жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелердің басшылары қатысты.
Жиын барысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі кеңінен талқыланды. Аталған тақырыптың өзектілігі ерекше атап өтіліп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігі көтерілді. Әсіресе, облыс аумағы арқылы өтетін халықаралық маңызы бар Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізіндегі қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударылды. Бұл жол бойында көлік ағынының жоғары болуы
апат қаупін арттырып отырғаны айтылды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ербол Талекенов, Жасұлан Керімқұлов және Нұркен Бақтияров тарапынан арнайы баяндамалар жасалды. Баяндамашылар өңірдегі жол-көлік оқиғаларының негізгі себептеріне тоқталып, олардың қатарында жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы, жылдамдықты шамадан тыс асыру, жол инфрақұрылымының кейбір учаскелеріндегі кемшіліктер және көлік құралдарының техникалық жағдайы атап өтілді.
Отырыста сөз алған Жандос Базартай соңғы жылдары жол-көлік оқиғалары санының артуы қоғамда алаңдаушылық туғызып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, республика бойынша жол апаттарының көбеюі және зардап шеккендер санының өсуі – бұл салада жүйелі әрі кешенді шаралар қабылдауды талап етеді. Әсіресе, Қызылорда облысында бұл көрсеткіштің жоғары болуы мәселенің өзектілігін арттыра түсуде.
Жиын барысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, жол инфрақұрылымын жақсарту, қауіпті учаскелерде қосымша белгілер орнату, бейнебақылау жүйелерін көбейту, жол полициясының жұмысын күшейту және жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын кеңейту қажеттігі көтерілді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп маңындағы жолдарда бақылауды күшейту және қоғамдық көлік жүргізушілерінің жауапкершілігін арттыру мәселелері де назардан тыс қалмады.
Кеңес отырысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету бағыттары да қозғалды. Бұл өз кезегінде жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі екені атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктеліп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту, өзара үйлесімді іс-қимылды қамтамасыз ету және халықтың қауіпсіздігін арттыру
бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру тапсырылды.
Жалпы, аталған кеңес отырысы жол қауіпсіздігі мәселесін жан-жақты талқылап, оны шешудің нақты тетіктерін айқындауға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, өңірдегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болмақ.
Фото: ©AMANAT







