АЙМАҚ БАСШЫСЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ИТАЛИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірінің делегациясы Италияға жұмыс сапарымен барды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Делегация құрамында ауыл шаруашылығы құрылымдарының, құрылыс компанияларының басшылары, кәсіпкерлер бар.
Сапардың негізгі мақсаты – аймақтың агроөнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету салаларына инвестиция тарту.
Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасының Италиядағы, Мальта және Сан-Марино Республикаларындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаевпен кездесті. Басқосуда Қызылорда облысы мен Италия арасындағы ынтымақтастыққа бағытталған жұмыстар талқыланды.
Кездесуде Ерболат Сембаев өндірісті дамыту ел экономикасының маңызды бағыты екенін атап өтіп, екі ел арасындағы байланысты күшейтуде тиісті жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Айта кетейік, өңірдегі мұнай қорының сарқылуы салдарынан 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі соңғы бір жылда оң динамикаға шықты. Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты. Сыр өңірі өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқыны бойынша 2022 жылы республикада 11-орында болса, өткен жылдан бері алдыңғы қатарда.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау, инвестициялық тартымдылықты арттыруда ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Кейінгі 3 жылда облыста құны 30 млрд. теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске қосылды.Жуырда 16 млрд 600 млн теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Инвестор 215 млрд. теңгеге жаңа жобаның құрылысын жүргізуде. Жалпы құны 28 млрд. теңгені құрайтын «жасыл» энергия саласын дамыту бағытындағы екі жоба бар. Атап айтқанда, 50 мегаваттық жел-электр («Уранус Уинд» ЖШС) және 40 мегаваттық күн-электр станцияларының («Тесис» ЖШС) құрылысы қазан айында басталды.
Сондай-ақ, былтырғы Оңтүстік Корея сапарының нәтижесінде биыл Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект институты ашылды.
Айта кетейік, аймақ басшысы сапар барысында өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық, құрылыс салаларына инвестиция тарту мақсатында «Confindustria», «SGMGroup», тағы басқа ірі компаниялардың басшыларымен кездеседі.
Делегация әрі қарай Испанияның Барселона қаласында да осы бағыттағы кездесулер өткізеді деп жоспарланған.